Жұбанов университетінің босаған білім беру гранттары жеңімпаздары белгілі болды
Жұбанов университетінің басшылығы босаған білім беру гранттары жеңімпаздарын құттықтады.
Академиялық мәселелер жөніндегі проректор Людмила Мясникова грант иегерлерін құттықтап, үміткерлерді іріктеу академиялық адалдық саясатына сәйкес ашық өткенін атап өтті.
- Үміткерлерді іріктеу барысында білім алушының академиялық үлгерімі басты назарға алынды. Сіздер оқуда жоғары нәтиже көрсетіп, еңбектенгендеріңіздің арқасында осындай көрсеткішке қол жеткізіп отырсыздар. Алдағы уақытта одан да жоғары жетістіктерге жетуде бұл сіздерге жаңа серпін беретіні сөзсіз. Бұдан бөлек, жақсы жаңалығымыз – жазғы семестрді 70-тен жоғары балмен аяқтаған білім алушыларға стипендия тағайындалады. Ал қалған грант иегерлері желтоқсан айында семестрді жоғары бағаға аяқтаса, стипендияға үміткер бола алады, - деді ол.
Республикалық бюджет есебінен босаған мемлекеттік білім беру гранттарына 547 өтініш келіп түскен. Конкурстық комиссия отырысының нәтижесінде ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің бұйрығына сәйкес 132 білім алушы мемлекеттік білім грантының иегері атанып отыр.
«Мұнайгаз ісі» білім беру бағдарламасының 3 курс студенті Денис Брендель мұндай мүмкіндіктер студенттердің оқуға құлшынысын арттырып, сенімділік сыйлайтынын айтты. – Грант иегері атанғаныма әлі де сене алмай тұрмын. Осындай мүмкіндік сыйлаған оқу ордама және маған әркез сенім артып, қолдау танытқан ата-анама алғысым шексіз! , - дейді ол.