Миннесота университетінің профессоры ғылыми-әдістемелік семинар өткізді
Миннесота университетінің профессоры Васкар Упадиай және Жұбанов университеті, «Шетел филологиясы және аударма ісі» кафедрасының доценті, PhD Сәуле Садыковамен бірлесе отырып профессор-оқытушылар құрамына, магистранттар, докторанттар мен жас ғалымдарға арналған ғылыми-әдістемелік семинар өткізді.
Семинар барысында шетелдік профессор ғылыми этиканың маңыздылығы және кез-келген зерттеуде қандай этикалық талаптар сақталуы қажет деген мәселелер төңірегінде талқылап, тәжірибесімен бөлісті.
Семинарға қатысушылар ғылыми этика ережелері, нақты ғылыми пәндерде қолданылатын деректерді алу, бастапқы деректерді сенімді сақтау, «Ақпараттандырылған келісім» дегеніміз не, «Адал зерттеуші болу не үшін қажет», «Адам субъектілерін қорғау неліктен жақсы зерттеулер үшін басты орында» деген сұрақтар төңірегінде құнды мәліметтер алды.
Васкар Упадиай Білім және адами ресурстарды дамыту колледжінің Ұйымдық көшбасшылық, саясат және даму департаментінің Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бөлімінің директоры қызметін атқарады. Ол STEM білім берудегі мәдени өзектілікті, әлеуметтік әділеттілікті және трансформацияны зерттейді. Профессор әлеуметтік әділеттілік, педагогикалық және оқу бағдарламаларын қайта құру, студенттердің өмірлік тәжірибелері мәселелеріне бағытталған зерттеу әдістері мен салыстырмалы халықаралық білім беру курстарынан сабақ береді.
Айта кетейік, шетелдік ғалым өткізетін семинар екі күнге жоспарланған. Ертеңгі семинар тақырыбы аралас әдістерді зерттеуді жобалау негіздеріне арналады.