Ұлттық мереке ұлықталды
Жұбанов университетінде 25 қазан – Республика күніне арналған мерекелік іс-шара өтті. Салтанатты кешке университет басшылығы, ардагер ұстаздар, профессор-оқытушылар және білім алушылар қатысты.
Жиында университет ректоры Лаура Қарабасова ұжымды Республика күнімен құттықтады. Оқу орнының басшысы ұлттық мереке Республика күнінің мәнін ашып, дәріптеудің маңыздылығын атап өтті.
Іс-шара барысында жоғары білім және ғылым саласына және университеттің дамуына елеулі үлес қосқан азаматтардың еңбегі бағаланды. Университеттің бірқатар оқытушылары мен қызметкерлері Ақтөбе облысы әкімінің және «Аманат» партиясының алғыс хатымен марапатталды. Сондай-ақ «Орыс филологиясы және мәдениетаралық коммуникация» кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Мадина Карашулаковаға «Ахмет Байтұрсынұлы» төсбелгісі табысталды.
Бұл күні ұлттық мерекенің мәртебесі көтеріліп қана қоймай, мазмұны мен маңызы да ашыла түсті. Университеттің өнерлі жастары дайындаған мерекелік бағдарлама көптің көңілінен шықты. «Отан-Ана» театрлық қойылымы бірліктің және ынтымақтастықтың маңыздылығын айқындады. Бұдан бөлек «Жұбанов университетінің студенттік хор ұжымы» орындауындағы «Самға, Қазақстан» әні жиналғандарға патриоттық рух сыйлады.