Home page > News > Түлектер қара шаңырақта бас қосты
4
Түлектер қара шаңырақта бас қосты

Бүгін Жұбанов университетінде жылы атмосфераға толы ерекше кездесу өтті. Қара шаңыраққа «Түлектер қауымдастығы» аясында  2000 жылдарда   Жастар ісіндегі комитет белсенділері болған 40-қа жуық оқу орнының түлектері бас қосты. 

Түлектер бастамасымен ұйымдастырылған кездесудің негізі мақсаты – түлектер сабақтастығын орнату, университетпен байланысты нығайту. 

Алдымен оқу орнының ғимараттарын аралаған түлектер университеттегі заманауи өзгерістерге оң бағаларын берді. 


Университет ректоры Лаура Қарабасова оқу орнында сол кездегі оқытушылар, құндылықтар, миссия сақтала отырып, қазіргі таңда Жұбанов университеті Батыс өңіріндегі ең ірі  жетекші жоғары оқу орнына айналғанын атап өтті. Сонымен қатар оқу орнының басшысы университет әр түлектің жетістіктерімен мақтанатынын, бұл кездесу түлектер бас қосуының игі бастамасы екенін айтты. 


2004-2012 жылдары Жастар ісі жөніндегі комитет төрайымы қызметін атқарған Бибігүл Ақжігітова осындай маңызды кездесуді ұйымдастыруда қолдау білдірген университет басшылығына алғысын жеткізді. 

-    Оқу орнының Жастар ісі жөніндегі комитет белсенділері бүгінгі күні әр саланың мықты мамандары атанып отыр. Еліміздің түкпір-түкпірінде мемлекеттік қызметте, басшылық лауазымдарда, журналистика саласында, білім мен ғылым саласында және әртүрлі салаларда жемісті еңбек етуде. Азаматық ұстанымы мықты тұлға қалыптастыруда алма-матерден алған білім мен тәрбиенің маңызы зор, - деді Бибігүл Жақсыбайқызы. 


Айта кетейік, 90 жылға жуық тарихы бар Жұбанов университетінде 60 мыңнан астам білікті кадрлар дайындалды. Университетте түлектер арасындағы өзара іс-қимылды ұйымдастыру және дамыту, университетпен мәдени, шығармашылық және іскерлік байланыстарды қолдау мақсатында «Түлектер қауымдастығы» құрылған болатын. 

Кездесуге келген түлектер «Түлектер қауымдастығының» мүшелігіне қабылданып, оларға «Университетіміздің түлектер қауымдастығының мүшесі» билеттері табысталды.