CARCEIT зерттеу тобы білім беру саласындағы озық тәжірибелерімен бөлісті
Жұбанов университетінде Назарбаев Университетінің Жоғары білім беру мектебінің CARCEIT зерттеу тобы 4-7 қараша аралығында профессор-оқытушыларға және магистранттар мен докторанттарға семинарлар мен шеберлік сағаттарын өткізуде.
Спикерлер жоғары білім беру саласындағы өзекті тақырыптар бойынша мәселелерді талқылап, тәжірибелерімен бөлісті.
Профессор Ахмет Айпай сандық зерттеу дизайны және білім беру саласында зерттеу жүргізудің тиімді тұстары жайында атап өтті. Ол сандық зерттеудің мүмкіндіктері жөнінде баяндап, сондай-ақ деректерді талдау құралдары туралы айтты. Айта кетейік, Ахмет Айпай еліміздегі білім беру, саясат және көшбасшылық саласындағы жетекші зерттеушілердің бірі. AD Scientific Index мәліметтері бойынша білім беру саласындағы дәйексөз бойынша әлемде 49-шы орында.
Білім беру саласындағы PhD Жадыра Махметова әдебиетке жүйелі шолу бойынша шеберлік сағаттарын өткізді. Қатысушылар зерттеу мәселелеріне қатысты әдістемелік және кешенді тәсілдермен, PICO framework activity, Protocol development, Search strategy және Scopus деректер қорымен жұмыс жасау құралдарымен танысты. Сонымен қатар Жадыра Нұрлыбекқызы жоғары білім беруде оқу бағдарламаларын және бағалау жүйесін тиімді әзірлеу, білім беру нәтижелерін бағалауға көмектесетін практикалық дағдыларға тоқталды.
Жадыра Махметова - білім беру саласындағы PhD, Postdoc Research Fellow. Педагогика және білім беруді менеджмент факультетінің аға оқытушысы, сондай-ақ академиялық сапаны арттыру департаментінің директоры. Ол білім беруді дамытуға бағытталған белсенді зерттеу жұмыстарын жүргізеді.