«Халық қазынасы» байқауында Жұбановшылар бірінші орын иеленді
«СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамындағы «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» бастауыш ұйымы Ақтөбе облысының тілдерді дамыту басқармасымен бірлесіп «Халық қазынасы» байқауын өткізді.
Аталмыш байқауда «Жұбановшылар» командасы жүлделі бірінші орынды жеңіп алып, 500 000 теңге көлеміндегі сертификат иеленді.
Байқау үш кезеңнен тұрды. Жеребе арқылы таңдалған шығарма бойынша көрініс қою, берілген тақырыпты аша отырып, бейнеролик түсіру және сұрақтарға жауап беру. Үш кезеңнен сүрінбей өткен «Жұбановшылар» командасы қарсыластарынан басымдық танытты.
Ақтөбе облысына белгілі қоғам қайраткерлері, ақын, жазушылар, мәслихат депутаттары, филолог ғалымдар әділқазылық еткен байқауда үміткерлердің тіл тазалығы, сахна мәдениеті, берілген тақырыпты аша білуі және жауаптың дұрыстығы мен толықтығы бағаланды.
Айта кетейік, «Жұбановшылар» командасының жетекшісі «Филология: қазақ филологиясы» білім бағдарламасының 2 курс студенті Мирлан Жармағамбетов. Команда құрамы: «Қазақ тілі мен әдебиеті» білім бағдарламасының студенттері Мансұр Жұмажанов, Меруерт Бәйімбет, Барқыт Мұрат, Алия Өркен, Тимур Енсепбай.
Жұбановшыларды жеңісімен құттықтаймыз!