Home page > News > Облыстық прокуратура қызметкерлері жастармен кездесті
4
Облыстық прокуратура қызметкерлері жастармен кездесті

Бүгін Жұбанов университетінде Ақтөбе облысы прокуратурасының өкілдері студенттермен кездесу өткізді. 

Кездесуге Ақтөбе қаласы прокуратурасы қылмыстық қудалау бөлімінің аға прокуроры Ж.Какимов, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің заңдылығын қадағалау және қылмыстық қудалаудың бөлім прокуроры А.Тайкаров, Ақтөбе қаласы ПБ ювеналды полиция бөлімшесінің бастығы полиция майоры Б.Жалекешова және Ақтөбе облыстық орталық мешітінің наиб имамы М. Бисенов қатысты. 

Жиында жастардың есірткі бизнесіне араласуының алдын алу, құқықтық білім беру және профилактикалық іс-шаралар туралы айтылды. Сонымен қатар мағыналы бейнероликтер көрсетілді. 

Қылмыстық қудалау бөлімінің аға прокуроры Жүніс Какимов жастарды есірткі қылмысына итермелейтін факторлармен күресуде және жастарға дұрыс бағыт-бағдар беруде мұндай кездесулердің маңыздылығын атап өтті.

- Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасының бастамасымен Ақтөбе облысы және қала прокуратурасымен бірлесіп, «Нашақорлыққа жол жоқ!» профилактикалық шарасы аясында жастармен кездесіп отырмыз. Басты мақсатымыз – жастар арасында нашақорлыққа теріс көзқарас қалыптастыру, оның салдары өте ауыр екенін жеткізу және зиянды әдеттердің алдын алу, - дейді ол. 

Сондай-ақ, түсіндірме жұмыстары барысында студенттерге есірткі заттарын өткізу мен таратқаны үшін берілетін жаза түрлері мен құқықтық мәселелер бойынша деректер келтіріліп, көптеген құнды ақпараттар айтылды.