Home page > News > Білім беру диалогы: университет және өңір
4
Білім беру диалогы: университет және өңір

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде жоғары және орта білім беру саласындағы білікті мамандар мен сарапшылардың қатысуымен педагог мамандарды даярлаудағы өзекті мәселелерді талқылауға арналған ашық диалог алаңы өтті.

Іс-шараға Ақтөбе облысы білім басқармасының басшысы Жайық Сұлтан, «Өрлеу» БАҰО» Ақтөбе филиалының директоры Нұргүл Абишева, Ақтөбе облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті басшысы Гүлнара Сарсенгалиева, мектеп директорлары, білім беру мекемелерінің өкілдері, университет басшылығы мен профессор-оқытушылар құрамы қатысты.

Университет ректоры Лаура Қарабасова Жұбанов университетінің өңірлік сұраныстарға сәйкес жоғары білікті мамандар даярлауда жетекші оқу орны ретіндегі рөлін атады. Оның айтуынша, университеттің трансформациялық процестері сәтті жүзеге асып, білім беру сапасын жаңа деңгейге көтеруге ықпал етіп отыр.

Академиялық мәселелер жөніндегі проректор Людмила Мясникова «Zhubanov University трансформациясының негізгі кезеңдері» тақырыбында мазмұнды баяндама жасап, оқу орнының білім сапасын арттыруға бағытталған жобалары туралы кеңінен әңгімеледі. Университет мемлекеттік грант саны мен түлектерді жұмысқа орналастыру көрсеткіштері бойынша еліміздің үздік ондығына енгенін ерекше атап өтті.

Ақтөбе облысының білім басқармасының басшысы Жайық Сұлтан өз баяндамасында өңірдегі педагогикалық кадрларға деген сұраныс пен білім сапасын арттыру мәселелеріне тоқталды. Ол педагогикалық білім беру бағдарламаларының мектептермен тығыз байланысын нығайту, студенттерді оқыту процесінде практикалық тәжірибені күшейту қажеттігін алға тартты.

Кездесу барысында сарапшылар инклюзивті білім беруге болашақ педагогтерді даярлау, педагогикалық білім беру әлеуетін арттыру, сонымен қатар студенттердің тәжірибесін тиімді ұйымдастырудың жаңа тәсілдері жөнінде пікір алмасты.

Бұл ашық диалог алаңы білім беру жүйесін жетілдіруге бағытталған маңызды қадам болды және өңірдегі педагогикалық кадрларды сапалы даярлаудың өзекті мәселелерін шешуге септігін тигізеді деп күтілуде.