Home page > Mass Media about us > Ұлттық құндылықтар және ұлт болашағы
4
Ұлттық құндылықтар және ұлт болашағы

«Сыбаға» ұлттық дәстүрлер фестивалі

Дәстүр — ұлттың рухани құндылықтарының, ғасырлар бойы жинаған даналығының, дүниетанымының үлкен бір тармағы, ұрпақтар сабақтастығының сүйенетін негізі.
Ақтөбеде осы аптада «Сыбаға» ұлттық дәстүрлер фестивалі өтеді.
Кеше, фестивальдың алғашқы — «Тағылым» — күнінде, Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде «Ұлттық рух тұғыры» атты ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылды.

Конференцияға университет ғалымдары, зиялы қауым өкілдері, ұлттық құндылықтар мен дәстүрлерді насихаттауға атсалысып жүрген қоғамдық ұйымдардың өкілдері, педагогтер қатысты. Барлық аудан бойынша мектеп директорлары жиынға онлайн тәртібінде қосылды.
Жиынды Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ректоры Лаура Қарабасова ашып, жүргізіп отырды.

Бірінші сөз облыс әкімінің орынбасары Жолдас Батырханға беріліп, ол ұлттық дәстүрлер фестивалінің мән-маңызы мен бағдарламасына тоқталды және конференция жұмысына сәттілік тіледі.
— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы наурыз айында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында ұлттың жаңа келбетін айқындайтын негізгі құндылықтарға тоқталған еді. Олар — тәуелсіздік пен отаншылдық, бірлік пен ынтымақ, әділдік пен жауапкершілік, заң мен тәртіп, еңбекқорлық пен кәсіби біліктілік, жасампаздық пен жаңашылдық. Президент: «Ұлтымыз осы идеялық негіздерді басшылыққа алса, болжаусыз және қарқынды дамып келе жатқан ХХІ ғасырда әлемнен лайықты орнын табады», — деп атап өтті. Бүгінде алдымызда тұрған үлкен мақсат — адал еңбек етіп, табысқа адал жолмен жететін адамды тәрбиелеу. Әр адам «адал азамат» деген атқа лайық болса, елімізде әділ қоғам орнайды.
Замандастарымыздың ұлттық салт-санаға, әдет-ғұрыптарымыз бен дәстүрімізге енжар қарап, отбасында, ұрпақ тәрбиесінде оларды негізге алмауы өзекті мәселе болып отыр. Бүгінгі конференция осы тұрғыда ақ пен қараның, жақсы мен жаманның арасын ажырата білу үшін үлкен-кішіге ой тастау мақсатында ұйымдастырылып отыр, — деді Жолдас Нұрланұлы.
Сонымен бірге ол фестивальға атау ретінде «Сыбаға» сөзінің кең мағынада алынғанын, оның ішінде бүгінгі ұрпақтың ата-бабадан сыбаға ретінде жеткен ұлттық салт-дәстүрді сақтап, құрметтей білуін, қарыштап дамып келе жатқан заманнан өз сыбағасын ала білуі керектігін жеткізу, соның жолдарын бірге ойласып, іздену жайы ескерілгенін атап айтты.
— Бұл фестиваль облыс әкімі Асхат Шахаровтың ұйытқы болуымен ұйымдастырылып отыр. Халқымыз үшін ғылым басты сыбаға болуға тиіс. Қай іс те ғылымға, ойға сүйеніп жасалса, алға жылжиды. Сондықтан фестивальдың алғашқы іс-шарасын ғалымдармен, зиялы қауым өкілдерімен бірлесе өткізгенді жөн көрдік, — деді Жолдас Нұрланұлы.
Ұлттық құндылықтарымыз қай деңгейде насихатталып жатыр? Қоғамда, тәрбиеде қандай олқылықтар бар? Оларды түзету жолдары қайсы? Жиында осы тұрғыда ой-пікір алмасу, ақылдасу көзделді. Ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері өз баяндамаларында, негізінен, ұлттық тәрбиені жалғастыру, ұлттық құндылықтарды сіңіру мәселесінің өзектілігіне, қоғамның жарқын болашағы жолында ұлтқа қызмет етудің маңызына тоқталды.

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің кафедра меңгерушісі, философия ғылымдарының кандидаты Үмбетқан Сәрсембин қазақ мәдениетінің тарихи кеңістігіндегі ұлттық сана тақырыбына және өткен мен бүгіннің сабақтастығына шолу жасады.
— Ұлттық сана — ұлттың, мемлекеттің болашағына, әсіресе оның тәуелсіздігін, мәдени, экономикалық дамуын жетілдіруге бағытталған ұрпақтың танымы. Ұлттық сана адамның өзінің бір ұлттың өкілі екенін сезінуінен, соны мақтан тұтуынан тұрмайды. Керісінше, оның өткені мен болашағын қатар зерделейтін, кемшілігі мен жетістігін дұрыс тани алатын, өзіне де, өзгеге де сын көзімен қарап, дұрыс жол нұсқай білетін өзіндік сананың кемелденген түрі, — деп тұжырымдады ғалым.
Ол қазақ тарихындағы ұлттық сана феноменіне тоқталып:
— Тарихымызда ұлттық санасы күшті адамдар көп болған. Сол арқылы ұлттық құндылықтар сақталып, бүгінге дейін жетті. Ал олай болмаған күнде патша заманында, кеңес кезінде тілге, дінге қарсы күшті саясат та жүргізілмес еді, — деді.
Ақын, аудармашы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Гүлімай Әбішқызы ұлттық құндылықтарды, қоғамға деген жанашырлықты сіңіруде әр адамның жеке жауапкершілігінің маңыздылығын айрықша атап өтті:
— Әрбіріміз — қоғамның жеке тұлғасы, маңызды бөлшегіміз. Қателігімізбен де, жетістігімізбен де бір-бірімізге керекпіз. Тек ештеңе жасамаған адам ғана қателеспейді. Сондықтан өмірдің мәнін өзімізден, бір-бірімізге деген сыйластықтан іздегеніміз жөн. Біз әлі күнге дейін батыр бабаларымызбен мақтанып, бағымызға бұйырған тәуелсіздікке тамсанумен жүрміз. Оның тұғырлы болуы үшін не қарекет қылдық? Келер ұрпақтар біздің буынды да мақтан тұта ала ма? Біз — қанымызда бар қасиеттерді оята алмай жүрген елміз. Көңілге жақпаған нәрсенің бәріне өзгені кінәлаймыз, — деді ақын.
Зиялы қауым өкілдері мен ғалымдар қазіргі жеңіл әндер, кинолардағы бұрынғы қазақ өмірі туралы жалған көріністер, орынсыз күлкінің көптігі сынды жастар тәрбиесіне кері әсер ететін жайттарға да қынжылысын жеткізді.
— Қазақтың өткен өмір тарихын айтқанда, оны алба-жұлба киімді, кір-қожалақ, ұсқынсыз қып көрсету — кеңестік кезең қалыптастырған теріс көзқарас, қасақана ұстаным. Дұрысында, қазақ халқы дала төсінде әдемі өмір сүрді. Оны ұлттық киім нақыштарынан, қалыптасқан жарасымды салттарынан, жөн-жоралғыларынан және соларды дәстүрге айналдырған халықтық ұстанымынан айқын аңғаруға болады, — дейді филология ғылымдарының докторы, профессор Абат Пангереев.
Ол өз баяндамасында ұлттық рухты ұрпақ санасына дарытудағы батырлар жырының әсері жөнінде айта келіп:
— Қазіргі болып жатқан геосаяси жағдайларды ескере отырып, батырлар жырының қаһармандық рухты, ұлттық патриотизмді қалыптастырудағы рөлін баса айтқанымыз дұрыс. Ұлттық құндылықтардың ұлт ретінде әлем сахнасында абыройлы орын алуымызға тигізер ықпалы зор, — деп қорытындылады.
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің проректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Рахым Бекназаров «Қазақ ұлтының болашағы: этнология ғылымы тұрғысынан» атты баяндамасында қазіргі қоғамдағы рухани және мәдени дағдарысқа, оның көріністері мен дағдарыстан шығу жолындағы ұзақ мерзімдік іс-шараларға кеңінен тоқталды.
— Рухани дағдарыстан шығудың басты жолы — білім мен ғылымды дамыту, білім сапасын үнемі көтеріп отыру, жас ұрпақты кітап оқуға баулу. Осы тұрғыда озық елдердің тәжірибесіне сүйену керек. Мысалы, Ұлыбританияда кітап оқу мәдениетін мектептен емес, адамның сәби күнінен бастап қалыптасыруға күш салынады. Бұл елде кітапханаларда әр апта сайын отбасыларға арнайы уақыт бөлінеді. Оған әр адам бүлдіршінмен келіп қатыса алады. Ең кіші топ — 3-12 айлық сәбилер екен. Сауда орталықтарында, басқа да көпшілік жиналатын орындарда арнайы кітап оқуға арналған орындар болады, — дейді ғалым.

Конференцияда өлкетанушы Бекарыстан Мырзабай, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің профессоры, облыстық аналар кеңесінің мүшесі Гүлшат Бақтиярова, т.б. ғалымдар баяндама жасады.
Фестиваль одан әрі «Дәуір дифелесі», «Салбурын», «Береке», «Сыбаға» күндерінің аясындағы іс-шаралармен жалғаспақ.

Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.