Жұбанов университетіне Өзбекстанның Қазақстандағы Елшісі бастаған делегация келді
Бүгін Жұбанов университетіне Өзбекстан Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Бахтиёр Ибрагимов бастаған делегация келді. Делегация құрамында Өзбекстан Республикасы Туризм комитетінің Ұлттық туристік өнімдерді маркетингтік зерттеу және ілгерілету бөлімінің басшысы Азиз Мирджалилов, Өзбекстан Республикасының Ақтау қаласындағы Бас консулы Жамолиддин Абдукаримов және Елшіліктің сауда-экономикалық мәселелер жөніндегі кеңесшісі Ислом Орифжонов бар.
Алдымен делегация университет басшылығымен кездесу өткізіп, Қазақстан мен Өзбекстан жоғары оқу орындары арасындағы ғылым және білім беру саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Тараптар туризмді дамыту, академиялық ұтқырлық, студенттер алмасу және оқытушылардың біліктілігін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударды.
Кездесуде меймандарға оқу орнының тарихы мен жетістіктері таныстырылды. Басқарма мүшелері университеттің Өзбекстан жоғары оқу орындарымен тығыз байланыста екенін, мәдениетаралық алмасу мен интернационализация бағыттарына басымдық берілетінін және шетелдік студенттер үшін көптеген мүмкіндіктер мен жеңілдіктер ұсынылатынын атап өтті. Қазіргі таңда Жұбанов университетінде 100-ге жуық өзбек студенті білім алуда.
Өз кезегінде Бахтиёр Ибрагимов Жұбанов университетінің академиялық және ғылыми әлеуетін жоғары бағалап, академиялық саладағы ынтымақтастықты дамытуға дайын екендігін білдірді. Сонымен қатар, екі елдің жоғары оқу орындары арасындағы стратегиялық серіктестікті кеңейтуде және туризм саласын дамытуға қолдау көрсетуге әзір екенін жеткізді.
Кездесуден кейін делегация университетте білім алып жатқан өзбек студенттерімен жүздесіп, пікір алмасты. Бұл кездесуде халықаралық ынтымақтастық, экологиялық мәселелер, туризм мен ғылыми зерттеулер мәселелері талқыланды. Елші халықаралық білім беру жүйесі мен академиялық алмасу бағдарламалары туралы ақпарат беріп, студенттерге өзара тәжірибе алмасу мен білімді арттыру мүмкіндіктерін пайдалану қажеттігін айтты. Сондай-ақ, ол туризм саласын дамытуда студенттердің рөлін атап өтіп, осы саладағы ынтымақтастықты күшейтуге көңіл бөлді.
Студенттер кездесу барысында өздерін қызықтырған сұрақтарды қойып, меймандардан жауап алды.