Жыл қорытындысы: 2024 жылғы жетістіктер мен нәтижелер
Бүгін Жұбанов университетінде 2024 жылдың қорытынды есебіне арналған Ғылыми кеңестің кеңейтілген мәжілісі өтті. Жиынға университет ұжымымен қатар, ақсақалдар кеңесінің мүшелері, өңірге белгілі қоғам қайраткерлері, өндіріс орындарының бірінші басшылары және студенттер қатысты.
Есептік кездесуде Басқарма Төрағасы-Ректор Лаура Қарабасова оқу орнының білім беру және ғылыми зерттеу жұмысы, инфрақұрылымы мен әлеуметтік мәселелері туралы баяндады. 2023-2024 оқу жылындағы негізгі нәтижелерді талдап, батыс өңіріндегі ең ірі университеттің келер жылдағы даму жоспарымен таныстырды.
Биылғы жылы Жұбанов университеті еліміздегі ең алғашқы өңірлік оқу орындары арасында оқуға қабылдаудың шектік балын 50 балдан 55 балға көтерді. Ректордың айтуынша бұл сапалы контингенттің артуына үлкен ықпалын тигізген. 2024 жылы Ақтөбе облысы мектептерін аяқтаған түлектердің 40 пайызының Жұбанов университетін таңдауы - өңірлік жоғары оқу орны үшін үлкен көрсеткіш.
Сонымен қатар білім алушылар контингентінің географиясы да күрт кеңейіп отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Хериот-Уотт кампусы ашылғаннан кейін қазіргі таңда Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Қызылорда облысымен қатар Алматы, Астана, Өскемен қалаларының, Жетісу, Шығыс Қазақстан, Жамбыл облыстары секілді басқа да өңірлердің жастары Жұбанов университетіне таңдау жасаған.Сонымен қатар биыл алғаш рет шетелдік студенттер қатары Ауғанстан, Пәкістан, Армения, Гана, Индия, Кения, Тәжікстан елдерінің жастарымен толықты.
Студенттер үшін құндылықтардың бірі – академиялық ұтқырлық бағдарламасының ұсынылуы болып табылады. Жұбанов университеті өз есебінен жыл сайын ішкі және сыртқы ұтқырлық бағдарламалары бойынша жетекші жоғары оқу орындарына студенттерді бір семестрге білімін жетілдіру үшін оқуға жібереді. 2024 жылы Түркия, Польша, Литва, Латвия, Қытай сияқты елдермен қатар биыл бірінші рет Жұбанов университетінің студенттері АҚШ, Әзербайжан, Малайзия елдерінің жоғары оқу орындарына жіберілді.
Соңғы жылдары Жұбанов университеті түлектерінің жұмысқа орналасу көрсеткіші де артқанын көрсетіп отыр. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы жүргізген тәуелсіз рейтинг нәтижесі бойынша еліміздегі жоғары оқу орындары арасында Жұбанов университетінің түлектерінің еңбекке орналасу орта көрсеткіші 86 пайызды құрайды. Жұбанов университеті республика бойынша жұмысқа орналасу көрсеткішімен үздік он жоғары оқу орны қатарынан табылды.
Есептік жиында университет басшысы университеттің ғылым мен өндірісті байланыстыруға арналған коммерцияландыру бағытында қол жеткізген маңызды нәтижелермен бөлісті. Биылғы жылдың ерекшелігі Жұбанов университеті тарихында алғаш рет екі жобаны коммерцияландырылды. Сондай-ақ, 2024 жылы бағдарламалық-мақсатты қаржыландыру аясында жалпы 33 жоба іске асырылды. Жастар ғылымын қолдау мақсатында университет 9 млн теңгеге гранттық қаржыландыру бойынша ішкі конкурс өткізді, оның нәтижесінде 11 грант «Жас ғалым» бағдарламасы бойынша тағайындалды.
2024 жыл – университет ұжымы мен студенттер үшін табысты жыл болды. Жоғарыда атқарылған шаралардан бөлек:
50-ден астам жас мамандар докторантура бойынша мемлекеттік грантқа түсті;
«Болашақ» бағдарламасы бойынша 18 профессор-оқытушылар халықаралық жетекші университеттерде білімдерін жетілдірді;
студенттердің қолайлы ортада білім алуы үшін заманауи жабдықталған кабинеттер ашылды;
жатақханаларда жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жабдықтары жаңартылды;
Хирш индексі жоғары шетелдік ғалымдар студенттер мен оқытушыларға дәріс оқыды;
кітапхана трансформациясы жүзеге асты;
Университет Академиялық адалдық лигасының төрағасы ретінде таңдалды.
Жиын соңында университет басшысы Жұбанов университетінің қызметкерлерін жаңа жылмен құттықтап, «Құдайберген Жұбанов» медалі және ғылыми атақтар бойынша дипломдарды табыстады.