Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті халықаралық ынтымақтастықты қарқынды дамытып, әлемдік білім және ғылым кеңістігіндегі беделін нығайтып келеді. Бүгінде университет 22 елдің 74 жоғары оқу орнымен әріптестік байланыс орнатқан. Олардың қатарында АҚШ, Еуропа және Азия елдерінің жетекші университеттері бар. Академиялық ұтқырлық бағдарламалары аясында студенттер мен оқытушылар шетелде білім алып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік алады.
Университет халықаралық жоғары оқу орындарымен бірлескен білім беру және ғылыми жобаларды жүзеге асырады. Сонымен қатар, Польша, Қытай және Беларусь университеттерімен қос дипломды білім беру бағдарламалары ұсынылады. Шетелдік ғалымдар университетке келіп, дәрістер оқып, ғылыми семинарлар мен шеберлік сабақтарын өткізеді.
Жұбанов университеті Erasmus+, Болон процесі, SCOU сынды халықаралық ұйымдармен және бағдарламалармен тығыз байланыста.
Бұл бастамалар университеттің жаһандық білім беру кеңістігіне интеграциялануына ықпал етіп, оның халықаралық деңгейдегі танымалдылығын арттыруға мүмкіндік береді.