Жұбанов университетінің студенттері практик-маманнан тәжірибе жинақтауда
Жұбанов университетінің «Биология» мамандығының студенттері қазіргі таңда теориялық білімдерін толықтырып, практикалық дағдыларын жетілдіруде. Студенттер агрономия мамандығы бойынша арнайы пән оқытушысы Гүлнар Ещанова жетекшілігімен тәжірибе жинақтап жатыр.
Гүлнар Ещанова студенттерге топырақтың құнарлығын арттыру, көшеттік материалдарды дайындау, гүлдер мен жеміс-жидектерді отырғызу, өсімдіктерді күтіп-баптау, сондай-ақ олардың ауруларымен күресу сияқты маңызды дағдыларды үйретуде. Бұл практикалық сабақтар студенттерге агрономия саласында қолданылатын заманауи технологиялар мен әдістерді меңгеруге мүмкіндік береді.
«Тәжірибе барысында студенттерге агрономияның әртүрлі аспектілерін үйретеміз. Олар топырақты өңдеу, өсімдіктерді күтіп-баптау және олардың ауруларымен күресу сияқты маңызды дағдыларды игеріп, болашақта маман ретінде кәсіби тұрғыдан дайын болады», – дейді Гүлнар Ещанова.
Гүлнар Ещанова 30 жылдан астам тәжірибесі бар агроном ғалым. Ол студенттерге көшеттік материалдарды дайындаудың заманауи технологиялары мен жылыжай шаруашылығының ерекшеліктерін таныстырады. Сонымен қатар, жеміс-жидектерді өсіру және өңдеу бойынша да практикалық сабақтар жүргізілуде.
«Біздің мақсатымыз – студенттердің тек теориялық білімін ғана емес, сонымен қатар практикалық дағдыларын да дамыту. Бүгінде студенттеріміз жылыжайда жұмыс істеудің барлық әдістерін меңгеріп, жаңа технологияларды қолданысқа енгізуде», – дейді практик-маман.
Студенттер практикалық сабақтардың өте маңызды екенін және олар үшін бұл тәжірибе ерекше екенін атап өтті.