
Ғылыми өрлеу: Жұбанов университеті ғалымдарының қаңтар айындағы жетістіктері
Жылды Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ғалымдары қарқынды бастады. Ғалымдар қаңтар айындағы жарияланымдарымен халықаралық ғылыми қауымдастықты қуантып, түрлі салалардағы зерттеулердің жоғары деңгейін көрсетті.
Маңызды ғылыми талдаудың нәтижелері «Exploring the Effects of Professional Learning Experiences on In-Service Teachers’ Growth: A Systematic Review of Literature» атты мақаласында баяндалған. Бұл мақала «Education Sciences» (Q1) журналында жарық көрді. Зерттеу Назарбаев университетінің зерттеушісі Жадыра Махметова, ректор Лаура Карабасова мен Жұбанов университетінің ғалымдары Абылай Каринов және Әсел Жәкіммен бірлесіп дайындалған. Жұмыс педагогтардың кәсіби дамуын білім сапасына әсер ететін негізгі аспектілердің бірі ретінде қарастырады.
Ғалым Гузель Абилова Ресей мен Ұлыбритания ғалымдарымен бірге глаукоманы емдеуде дәрі-дәрмектерді жеткізу үшін полимерлік пленкаларды жасау бойынша жұмыс нәтижелерін ұсынды. «Mucoadhesive gellan gum/poly(2-ethyl-2-oxazoline) films for ocular delivery of pilocarpine hydrochloride» мақаласы жоғары рейтингті рецензияланатын «Journal of Drug Delivery Science and Technology» (Q1) журналында жарияланды.
Сондай-ақ қаңтар айында термостимуляцияланған люминесценция спектрлерін өлшеу және байланысты экситондардың люминесценция ерекшеліктеріне арналған екі зерттеу жарияланды. «The Nature of High-Temperature Peaks of Thermally Stimulated Luminescence in NaCl:Li and KCl:Na Crystals» мақаласы «Crystals» (Q2) ғылыми журналында жарық көрді. Зерттеудің авторлары: ғалымдар Қуанышбек Шүңкеев және Шынар Сағымбаева, докторант Аделя Кенжебаева және магистрант Зарина Серікқалиева. Екінші жұмыс «Luminescence of bound excitons in the field of local lattice deformation by sodium impurity ions in KCl:Na single crystals» атты мақала «Optical Materials X» журналында жарияланды. Зерттеу барысында шетелдік ғалымдармен бірлесе Қуанышбек Шүңкеев, Шынар Сағымбаева және Адель Кенжебаева жұмыс істеді.
Тағы бір ғылыми мақала, доктор Сауле Садыкова мен Миннесота университетінің әріптесі Бхаскар Упадхьейдің бірлескен зерттеуі «Education Sciences» журналында жарық көрді. Мақала «Building Science Teacher Leaders for Indigenous Schools: Lessons from a Science Professional Development Workshop in Nepal» деп аталады. Бұл материал жергілікті халық арасынан шыққан мұғалімдердің көшбасшылығын зерттеуге арналған.
Маңыздысы, барлық жұмыстар рецензияланған халықаралық басылымдарда жарияланды, бұл зерттеулердің сапасы мен жаңашылдығын айқындайды.