
Белгілі психолог қызметкерлерге шеберлік сабағын өткізді
«Жан саулығы» апталығы аясында белгілі психолог Гүлмари Кобейсинова менторларға «Қарым-қатынас құрудағы жан саулығының әсері» тақырыбында шеберлік сабағын өткізді.
Шеберлік сабағы қызметкерлерге қарым-қатынас құрудың маңыздылығын және жан саулығының өзара байланысын түсіндіруге арналды. Психолог практикалық сабақтар мен талқылаулар өткізіп, қатысушыларды түрлі жағдайлар мен тақырыптарға арналған кейстерді талқылауға тартты.
Кейстерді талқылау барысында менторлар нақты өмірде кездесетін жағдайдан мысалдар келтіріп, психологиялық тұрғыдан дұрыс шешімдер іздеді. Бұл кезең оларға қарым-қатынас дағдыларын жетілдіруге, эмоциялық интеллектілерін дамытуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, Гүлмари Кобейсинова жастарға қарым-қатынастарында шекараларды сақтаудың маңыздылығын және әлеуметтік норма мен жеке шекаралардың өзара байланысын түсіндірді.
Қатысушылар психолог маманға сұрақтар қойып, кеңестер алды. Бұл шара жастарға психологиялық сауаттылықты арттыруға, рухани және эмоционалды тепе-теңдікті сақтау жолдарын ұғындыруға және өздерінің ішкі сезімдері мен ойларын ашық түрде бөлісіп, бір-біріне қолдау көрсету әдістерін үйренуге септігін тигізді.