
Республикалық фестивальде Жұбанов университетінің студенттері үздік жобаларын таныстырды
Мемлекет басшысы жариялаған Жұмысшы мамандықтарының жылы аясында Астанада техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы ең ауқымды іс-шара — «Жұмысшы мамандықтар қаласы» фестивалі өтті. Бұл фестиваль Қазақстандағы кәсіби білім мен өндіріс саласын дамытуға үлкен үлес қосып, жас мамандарға жаңа мүмкіндіктер ұсынды.
Республикалық фестивальде Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің техникалық факультеті студенттерінен құралған «Oil Angels» командасы ерекше жетістікке жетіп, бірінші орынға ие болды.
Команда жетекшісі «Мұнай-газ ісі» кафедрасының доценті Жадырасын Сарқұлова фестиваль аясында өткен Хакатонның болашақ жұмысшы мамандықтарының дамуына арналған маңызды алаң болғанын атап өтті.
«Біз жобамызда подшипниктерге болжамды қызмет көрсету үшін жасанды интелектіні қолдану жолдарын таныстырдық. Металлургия және мұнай-газ саласында жабдықтың маңызды тораптары, мысалы, прокаттық станның, сорғылардың және компрессорлардың подшипниктері жоғары жүктеме әсерінен тез тозады. Бұл тораптардың істен шығуы күтпеген жабдықтың тоқтап қалуына, миллиондаған шығындарға және өндіріс үзілістеріне алып келеді. Классикалық диагностика әдістері регламенттелген жөндеуге немесе апаттық жөндеуге негізделген, бірақ бұл тәсілдер тиімсіз. Подшипниктердің тозуын IoT-датчиктерінің көмегімен нақты уақытта бақылайтын, ал жасанды интеллект алгоритмдері арқылы ақауларды болжайтын болжамды техникалық қызмет көрсету жүйесін әзірлеуге болады. Біз ұсынған жоба өндіріс саласында нақты қолдануға болатын AI-модельге негізделіп, әділқазылар тарапынан жоғары бағаланды», — дейді ол.
Бұл сайыста болашақ инженерлер мен зерттеушілер жасанды интеллекттің өнеркәсіптегі рөлін дамытуға арналған нақты шешімдер ұсынды. Әрбір команда өз жобаларында заманауи технологияларды қолданып, өнеркәсіп салаларындағы жұмысшы мамандықтарды жаңғырту жолдарын көрсетті.
«Өңдеу өнеркәсібі, мұнай-газ ісі және металлургия» бағыты бойынша Жұбанов университетінің тағы бір «TechDigital» командасы жүлделі үшінші орынды иеленді. Бұл команда да өз жобасында өнеркәсіпте тиімділікті арттыруға арналған жаңа технологиялар мен инновациялық шешімдер ұсынды.
Айта кетейік, ауқымды жиынға ірі өнеркәсіп орындарының өкілдері, студенттер, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының мамандары қатысты. Бірегей форматтағы фестиваль жұмысшы мамандықтар жылын ашатын алғашқы ресми шара болып табылады. Ол қатысушыларға әртүрлі кәсіптердің ерекшеліктерімен танысуға, интерактивті алаңдар мен мамандандырылған жабдықтардың көмегімен экономиканың түрлі саласында өздерін сынап көруге мүмкіндік берді.
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің жеңімпаз студенттерін жетістіктерімен құттықтаймыз!