Басты бет > Жаңалықтар > Тоғызқұмалақтан Қазақстан чемпионаты басталды
4
Тоғызқұмалақтан Қазақстан чемпионаты басталды

Бүгін Жұбанов университетінде тоғызқұмалақтан ерлер мен әйелдер арасында классикадан жекелей Қазақстан Республикасының чемпионатының ашылу салтанаты өтті. 

Чемпионаттың ашылу салтанатына университет ректоры Лаура Қарабасова, Ақтөбе облысы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Мейрамбек Махамбетов, тоғызқұмалақтан мемлекеттік жаттықтырушы әрі ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Даулет Абдикаримов, облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Жанар Сагизбаева және спорт ардагерлері кеңесінің төрағасы Бақтығали Шокаев қатысты.

Университет ректоры Лаура Қарабасова өзінің құттықтау сөзінде тоғызқұмалақ ойынының ұлттық мәдениетіміздегі орны мен маңыздылығына тоқталып,  ұлттық спорт түрін дамытуға қосқан үлестері үшін жаттықтырушылар мен спортшыларға алғысын білдірді.

Сондай-ақ Ақтөбе облысы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Мейрамбек Махамбетов пен тоғызқұмалақтан ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Даулет Абдикаримов сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. 

Жарысқа еліміздің әр аймағынан 170 ойыншы қатысуда. Жарыс барысында 20 команда арасынан мықтылар анықталатын болады. Чемпионат 20 ақпанға дейін жалғасады.