
«Заң және тәртіп» тақырыбында жастармен кездесу өтті
Бүгін Жұбанов университетінде өткен «Заң және тәртіп» тақырыбындағы кездесу жастар арасында құқықтық сананы қалыптастыруға бағытталған маңызды шара болды. Шараға университет білім алушыларымен қатар онлайн форматта колледж студенттері мен мектеп оқушылары да қатысты. Кездесу барысында қатысушыларға «Закладка» деректі фильмі көрсетіліп, құқықтық тәртіп пен заңға құрметтің маңызы туралы айтылды.
Ақтөбе облысы прокурорының орынбасары Гилим Абзал жастарға заң мен тәртіптің қоғам үшін маңыздылығын түсіндіріп, заңды сақтау арқылы адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға болатынын атап өтті. Ол сондай-ақ жастардың құқықтық сауатының қоғамдағы тәртіпті нығайтуға әсер ететінін, заң бұзушылықтар мен алаяқтықтан сақ болу қажеттігін жеткізді.
Ақтөбе облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Ардана Саймагамбетов өз сөзінде құқық бұзушылықтың алдын алу және жастар арасындағы құқықтық тәртіпті сақтау шаралары туралы айтты.
Әлеуметтік және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректор Еркін Тастанқұлов университеттің жастарға құқықтық білім беру, тәртіп пен азаматтық жауапкершілікті дамыту бағытындағы жұмыстарының жалғаса беретінін атап өтті.
Ашық микрофон кезеңінде қатысушылар спикерлерге сұрақтар қойып, өз пікірлерімен бөлісті. Кездесудің соңында «Денсаулық және салауаттылық» орталығының психологы Мансия Мұрат жастарға психологиялық тренинг өткізіп, құқықтық сананы қалыптастыру мен тәртіптің ішкі мәдениетін дамытуға бағытталған маңызды кеңестер берді. Тренинг барысында жастарға құқықтық білімді өз өмірлерінде тиімді пайдалану жолдары, тәртіп пен ішкі мәдениетті дамытудағы психологиялық аспектілер түсіндірілді.