
Есірткіге қарсы күрес: студенттерге ақпараттық кездесу ұйымдастырылды
Бүгін Жұбанов университетінің филология факультетінде Полиция департаменті өкілі және нарколог дәрігермен кездесу өтті.
Іс-шараға Ақтөбе облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Мақсат Мандыбай мен Уақытша бейімдеу және детоксикация орталығының меңгерушісі, нарколог дәрігер Сакен Алманиязов қатысты.
Спикерлер студенттерге есірткі заттарының адам ағзасына тигізетін зияны, оның физикалық және психологиялық тәуелділікке әкелетін қаупі туралы жан-жақты ақпарат берді. Сонымен қатар, есірткі қылмысына қатысты заңнамалық талаптар мен құқықтық жауапкершілік мәселелері де кеңінен талқыланды.
Кездесу барысында елімізде нашақорлықпен күрес бағытында жүргізіліп жатқан іс-шаралар жайында сөз қозғалды. Құқық қорғау органдары мен медицина саласының мамандары бірлесіп, бұл мәселені шешу жолында қандай нақты қадамдар жасалып жатқанын мысалдар арқылы түсіндірді. Студенттерге «Нашақорлықпен күрес» тақырыбында бейнероликтер көрсетіліп, өзекті мәселелер бойынша пікір алмасу ұйымдастырылды.