
Жұбанов университетінде қысқы қабылдау түлектеріне диплом табыстау рәсімі өтті
Бүгін Жұбанов университетінде 2023 жылғы қысқы қабылдау кезеңінің алғашқы түлектеріне диплом табыстау рәсімі өтті. Салтанатты шарада ғылыми-педагогикалық бағыттағы білім бағдарламаларын сәтті аяқтаған 49 магистрант магистр дәрежесін алып, жоғары білім жолындағы маңызды кезеңді еңсерді.
Университет ректоры Лаура Қарабасова түлектерді құттықтап, магистрлер мен докторларға диплом табыстау өте ерекше рәсім болып табылатынын атап өтті.
"Бұл – Жұбанов университетінің тарихындағы ерекше сәт. Сіздер – қысқы қабылдау кезеңінің алғашқы түлектерісіздер. Бұл сіздерге ерекше мәртебе жүктейді. Сіздер ғылыми өмірге енді қадам басып отырсыздар. Мүмкіндіктер шексіз. Ең бастысы, алған білімдеріңізді ел игілігіне жұмсап, кәсіби мансаптарыңызда биік белестерді бағындыруларыңызға тілектеспін!" – деді ректор құттықтау сөзінде.
Салтанатты жиын барысында университет басшысы, сондай-ақ, "Шетел филологиясы және аударма ісі" кафедрасының оқытушысы Ақмарал Тухтарова мен "Ағылшын және неміс тілдері" кафедрасының оқытушысы Сыдық Перизатты Филология білім бағдарламасы бойынша PhD (философия докторы) дәрежесін иеленуімен құттықтады.
Жұбанов университеті ғылыми және педагогикалық кадрларды даярлаудағы көшбасшылық ұстанымын жалғастырып, білім беру сапасын арттыруға бағытталған жаңа бастамаларды жүзеге асырып келеді.
Магистрлерге ғылым мен кәсіби жолда сәттілік тілейміз!