
Тоғызқұмалақтан Қазақстан Республикасы чемпионатының жеңімпаздары марапатталды
Тоғызқұмалақтан ерлер мен әйелдер арасында классика түрі бойынша өткен Қазақстан Республикасының чемпионаты аяқталды. Еліміздің әр өңірінен келген мықты ойыншылар 10 күн бойы тартысты ойын көрсетіп, өзара мықтыны анықтады.
Бүгін Жұбанов университетінде чемпионаттың жабылу рәсімі өтіп, жеңімпаздар салтанатты түрде марапатталды.
Әйелдер арасында классика түрі бойынша алтын медаль Абай облысы командасының ойыншысы Аяна Исаханға бұйырды. Күміс медальді Астана қаласы командасының ойыншысы Гүлнар Базаралиева иеленсе, қола медальді Қызылорда облысы командасының ойыншысы Ұлдана Махамбеталин мен Қарағанды облысы командасының ойыншысы Аңсаған Қожанәсіп еншіледі.
Ерлер арасында алтын медальді Батыс Қазақстан облысы командасының ойыншысы Дархан Ануарбеков жеңіп алды. Күміс медаль Павлодар облысы командасының ойыншысы Ринат Керейбаевқа, қола медальді Павлодар облысы командасының ойыншысы Ерасыл Абуталипов пен Қызылорда облысы командасының ойыншысы Бексұлтан Бостандықов алды.