Басты бет > Халықаралық байланыстар > Жұбанов университетінің ғалымдары Ұлы Каземир университеті профессорымен бірлескен эксперимент жасады
4
Жұбанов университетінің ғалымдары Ұлы Каземир университеті профессорымен бірлескен эксперимент жасады

Польшадағы Быдгощ қаласы Ұлы Казимир университетінің Оптоэлектрондық материалдар кафедрасының меңгерушісі, dr hab, профессор Юрий Зоренко Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетіне келіп, оқу орнының ғалымдарымен бірге эксперименттік жұмыстар жүргізді.

Профессор «Материалдардың Радиациялық физикасы» ғылыми орталығының жетекшісі Қуанышбек Шүңкеевтің «Иондық кристалдардың люминесценция шығымын бөлме температурасында арттыруының іргелі механизмдерін эксперименттік зерттеу» атты ғылыми жобасы аясында жұмыс жасауда. Сонымен қатар білім беру қызметіне шетелдік мамандарды тарту мақсатында шетелдік ғалымдарды шақыру жоспарына сәйкес «Физика» білім беру бағдарламасының докторанттары, магистранттары мен студенттеріне дәріс оқуда.

«Қуанышбек Шүңкеев бастаған ғалымдар тобымен біз жарықты түрлендіру және шығару үшін арнайы типтегі оптикалық материалдарды, яғни сцинтиляторларды әзірлеу бойынша жұмыс жасау үстіндеміз. Сонымен бірге білім беру бағдарламасына да көңіл бөлу маңызды, әсіресе басқа өндіріс техникасындағы материалдармен байланысты болған кезде, мысалы, люминесценттік қасиеттері бар материалдар. Сондай-ақ бірнеше дәріс беремін. Бірінші дәріс сериясы инженериядағы жаңа материалдарға арналады. Мұнда әртүрлі кристалдық нысандарда материалдарды дайындаудың танымал және жаңа әдістерін ұсынамын. Бұл кристалдар, пленкалар, ұнтақтар, наноұнтақтар болуы мүмкін. Әрине, мұндай әртүрлі материалдардың қасиеттерін зерттеу маңызды, себебі материалдардың қасиеттері әрдайым олардың дайындалу әдісіне байланысты болады»,- дейді Юрий Зоренко.

Қуанышбек Шүңкеев профессор Зоренкомен бірлесе жүргізілген ғылыми жобалар туралы әңгімеледі. «Біз бірнеше ғылыми мақалалар жариялап, жас кадрларды дайындауда бірлескен еңбек етудеміз. Қазіргі уақытта оксидтер мен сілтілік кристалдардың қасиеттерін зерттеп, атом электр станцияларында қолдануға қажетті сенсорлық детекторлар жасауды мақсат етіп отырмыз. », — дейді Қуанышбек Шүңкеев.

Айта кетейік, Юрий Зоренко — әлемге танымал ғалым, 300-ден астам ғылыми мақаланың авторы және 60-тан астам ғылыми жобаның жетекшісі. Оның жетекшілігімен жүргізілген халықаралық жобалар арасында INTAS, NATO, Horizon 2020, NANOLUX 2014 ID 286, Opus 24 LAP сияқты жобалар бар. Профессор Зоренко Польша физика қоғамының мүшесі болып табылады және ғылыми қауымдастықта жоғары беделге ие. Оның Scopus-тағы Хирш индексі 35, бұл оның ғылыми жұмыстарының жоғары деңгейін айқындайды. Сонымен қатар, оның патенттері Еуропалық және Польша патент кеңселерінде тіркелген.