
Zhubanov university ғалымдарының жобалары гранттық қаржыландыруға ие болды
2025-2027 жылдарға арналған «Жас ғалым» жобасы аясында ғылыми зерттеулерді гранттық қаржыландыру конкурсының қорытындысы бойынша Жұбанов университетінің төрт ғалымының жобасы грант жеңіп алды.
PhD, «Экология» кафедрасының доценті Мұрат Махамбетов AP25796055 «Спутниктік мәліметтерді талдау негізінде Атырау облысындағы деградацияланған жайылымдардың өсімдік жамылғысының ұзақ мерзімді өзгерістерін экологиялық бағалау» атты ғылыми жобасы бойынша грант иегері атанды.
Жобаның мақсаты – далалық геоботаникалық және картографиялық зерттеулердің нәтижелеріне сүйене отырып, Атырау облысының жайылымдық өсімдіктерінің жай-күйінің ұзақ мерзімді өзгерістерін экологиялық тұрғыдан бағалау және талдау, сондай-ақ спутниктік мәліметтерді талдау негізінде 1:1 000 000 масштабтағы электрондық цифрлық картасын жасау.
Сонымен қатар PhD, «Математика» кафедрасының аға оқытушысы Жайлан Туткушева AP25794821 «Көпэкстремалды көпайнымалылы функцияларды глобалдық оптималдаудың тиімді әдісі» атты жобасымен гранттық қаржыландыруға ие болды.
Бұл жобада арнаулы көмекші функцияға негізделген глобалдық оптималдаудың жаңа әдісін әртүрлі кластардағы функциялар үшін терең әрі жан-жақты зерттеу, оны сандық түрде жүзеге асыру және өзекті қолданбалы есептерді шешуде пайдалану көзделген.
Сондай-ақ магистр Әйгерім Танкеева AP25794325 «Өзегі айнымаған Фредгольм интегралдық-дифференциалдық теңдеулері үшін шеттік есептерді шешудің жуықталған әдістерін әзірлеу» атты жобасы бойынша грант иеленді.
Жобаның мақсаты – бірінші ретті Фредгольм интегралдық-дифференциалдық теңдеуінің өзегін Чебышев және Лежандр көпмүшеліктері арқылы жуықтау, сондай-ақ өзегі айнымаған Фредгольм интегралдық-дифференциалдық теңдеулері үшін шеттік есептерді шешудің осы көпмүшеліктерге негізделген жуық және сандық әдістерін әзірлеу.
«Мектепке дейінгі және бастауыш оқыту» кафедрасының оқытушысы, магистр Әсемгүл Альситованың AP25795529 «Жасанды интеллект пен адамның бірлескен шығармашылығының (Human-AI Co-creation Model) болашақ педагогтардың креативтілігінің дамуына әсерін анықтау» атты жобасы қаржыландырылды.
Жобаның мақсаты – кәсіби даму үдерісінде адам мен ЖИ бірлескен шығармашылығының моделін (Human-AI Co-creation Model) қолдана отырып, болашақ педагогтардың креативтілігін дамытудағы механизмнің тиімділігін арттыру.
Ғалымдарды ғылыми жетістіктерімен құттықтаймыз!