Басты бет > Ғылым және инновация > Жұбанов университетінің студенттері тоқыма қалдықтарын қайта өңдеу бойынша экологиялық жобаны жүзеге асыруда
4
Жұбанов университетінің студенттері тоқыма қалдықтарын қайта өңдеу бойынша экологиялық жобаны жүзеге асыруда

Жұбанов университетінің Жаратылыстану факультетінің «Экология» мамандығының студенттері «Тоқыма қалдықтарын қайта пайдалану» эко жобасын әзірледі. Жоба аясында студенттер ескі киімдер мен тоқыма қалдықтарын қайта өңдеп, мысықтарға арналған экологиялық таза төсеніштер жасады.

Жоба авторларын Жұбанов университетінің ректоры Лаура Қарабасова қабылдап, олардың бастамасына қолдау білдірді. Кездесу барысында студенттер жобаны дамыту, оны жетілдіру және коммерциялық жобаға айналдыру туралы ойларымен бөлісті. Университет басшысы экологиялық жобалардың маңыздылығын ерекше атап өтіп, студенттердің бұл бастамасына қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Айта кетейік, аталған жоба «Эковерттер» студенттік ғылыми үйірмесі аясында әзірленген. Үйірме жетекшісі, техника ғылымдарының кандидаты, доцент Гуля Исенғалиева жоба студенттердің өз бастамасымен қолға алынғанын атап өтті.
«Төсеніштерді жасау үшін ескі киімдер, мата қалдықтары және басқа да тоқыма өнімдері қолданылды. Бұл процесс көп қаржы талап етпейді, бірақ қоршаған ортаға айтарлықтай пайда әкеледі. Болашақта «Эковерттер» командасы жобаны кеңейтіп, оған көбірек еріктілерді тартуды және тоқыма қалдықтарын қайта өңдеудің жаңа технологияларын енгізуді жоспарлап отыр. Қайта өңделген тоқыма материалдарынан жасалған эко-төсеніштер тек тәжірибелік жоба ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік және экологиялық бағытты қамтитын нақты шешім болды», – дейді Гуля Исенғалиева.

Қазіргі уақытта жобамен «Экология» мамандығының 3 курс студенттері Мария Зимакова, Александра Брыкалова, Адина Кубеева және Таисия Сивакова айналысуда.

2024 жылы жоба аясында Құдайберген Жұбановтың 125 жылдығына орай ғылыми жетекші Г.А. Исенғалиева басшылығымен ғылыми мақала жазылды. Сонымен қатар, жоба Республикалық «НИРС» ғылыми байқауына ұсынылып, жүлделі орынға ие болды.

Алдағы уақытта жоба кеңейтіліп, экологиялық қозғалысқа көбірек студенттер тартылады деп күтілуде.