
Жұбанов университеті мен Әзербайжан Археология институты ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды
3 наурызда Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті мен Әзербайжан Ұлттық ғылым академиясының Археология, этнография және антропология институты арасында кездесу өтті. Іс-шараға университет ректоры Лаура Қарабасова, институт директоры Фархад Гулиев және директордың орынбасары Заур Гасанов қатысты.
Кездесу барысында тараптар жоғары оқу орындары арасындағы болашақ серіктестік мүмкіндіктерін талқылады. Жұбанов университетінің тарих факультетінде ашылған Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының филиалы ғылыми-зерттеу қызметін дамытуға жаңа мүмкіндіктер туғызды. Жоспарлар қатарында докторанттар мен магистранттарға арналған ғылыми тағылымдамалар ұйымдастыру, студенттер мен ғалымдардың қатысуымен бірлескен археологиялық экспедициялар өткізу, ғұндар мен ерте темір дәуіріндегі көшпелілердің мұрасын зерттеу және тағы басқа да мәселелер қарастырылды.
Кездесудің нәтижесінде делегациялар ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.