
"Ғылымға қадам" жобасы бастау алды
Жұбанов университетінде 8 наурыз — Халықаралық әйелдер күні қарсаңында ғылымдағы әйелдерді қолдауға арналған «Ғылымға қадам» жобасы бастау алды. Бұл жоба әйелдердің академиялық мансабын қайта бастауына және ғылыми салада өз орнын табуына көмек көрсетуге бағытталған.
Жобаның ашылу рәсімінде академиялық мәселелер жөніндегі проректор Людмила Мясникова ғылым жолындағы тәлімгерлік пен отбасылық қолдаудың маңыздылығына тоқталып, жобаға қатысушыларға сәттілік тіледі.
Спикерлер педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Айгүлден Тоғайбаева, аға оқытушы, білім беру саласы бойынша философия докторы PhD, филология ғылымдарының кандидаты Әсел Жәкім және Ғылым және инновациялар департаментінің директоры Захира Нугаева қатысушыларға пайдалы кеңестер беріп, тәжірибелерімен бөлісті. Олар ғылым мен отбасының арасындағы теңгерімді қалай сақтауға болатынын, тұлғалық өсу мен трансформацияның маңызды аспектілерін талқылады.
Айта кетейік, жоба аясында Ақтөбе облысынан 20 әйел қатысушы ретінде таңдалды. Алдағы кезеңдерде қатысушылардың ғылыми зерттеу дағдыларын дамытуға, сондай-ақ докторантураға дайындалуға мүмкіндік беретін дәрістер мен практикалық семинарлар ұйымдастырылады. Бұл әйелдер ғылымдағы соңғы үдерістермен танысып, өз кәсіби біліктілігін арттыруға қол жеткізе алады. Маңызды бастама жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларына қолжетімділікті арттырып, ғылыми білімді нығайтуға, сондай-ақ докторлық деңгейдегі дайындықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.