Басты бет > Халықаралық байланыстар > Жұбанов университеті Әзербайжан жоғары оқу орындарымен ынтымақтастығын нығайтты
4
Жұбанов университеті Әзербайжан жоғары оқу орындарымен ынтымақтастығын нығайтты

Жұбанов университетінің басшылығы Баку қаласына іс-сапары барысында Қазақстан-Әзербайжан ЖОО ректорларының дөңгелек үстеліне және «Study in Kazakhstan» білім беру көрмесіне қатысты. Сонымен қатар Әзербайжанның жетекші жоғары оқу орындары басшыларымен кездесіп, бірқатар маңызды келіссөздер жүргізді.

Дөңгелек үстел барысында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Әзербайжан Республикасы Президенті жанындағы Жоғары аттестаттау комиссиясымен ғылыми басылымдардың бірлескен тізімін бекіту туралы келісімге қол қойды.

Осы келісім аясында Жұбанов университетінің ректоры Лаура Қарабасова Әзербайжанның жетекші жоғары оқу орындарының бірі — Баку мемлекеттік университетінің ректорымен кездесті. Кездесу барысында ғылыми журналдардың редакторлық алқасын нығайту мәселелері талқыланды. Бұдан бөлек, студенттердің академиялық ұтқырлық бағдарламасы, оқытушылардың тәжірибе алмасуы, түркология зерттеулерін біріктіру, археология бағытында бірлескен экспедицияларға қатысу мүмкіндіктері, магистратура деңгейіндегі қос диплом бағдарламасы және PhD студенттерінің диссертацияларына әзірбайжан ғалымдарын шетелдік жетекші ретінде тарту мәселелері қарастырылды.

Жұбанов университеті мен Әзербайжан Ұлттық ғылым академиясының Археология, этнография және антропология институты арасында да маңызды кездесу өтті. Университет ректоры Лаура Қарабасова институт директоры Фархад Гулиевпен ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын талқылады. Кездесу барысында тараптар докторанттар мен магистранттар үшін ғылыми тағылымдамалар ұйымдастыру, студенттер мен ғалымдардың қатысуымен бірлескен археологиялық экспедициялар өткізу, ғұндар мен ерте темір дәуіріндегі көшпелілердің мұрасын зерттеу және түркі халықтарының ортақ тарихын зерделеу бойынша бірлескен жобаларды қолдауды көздейтін бастамаларды талқылады. Сондай-ақ, Horizon халықаралық бағдарламасы аясында бірлескен ғылыми жобалар мен зерттеулерді жүзеге асыру жоспары қозғалды.
Айта кетейік, «Study in Kazakhstan» көрмесінде әзербайжандық студенттерге Жұбанов университетінің өкілдері оқу орнының және Хериот-Уотт университетінің Ақтөбе кампусы ұсынатын академиялық мүмкіндіктерді таныстырды.