
Жұбанов университеті академиялық адалдықты дамыту тәжірибесімен бөлісті
Жұбанов университетінде «Академиялық адалдық лигасы аясында Жұбанов университетінің тәжірибесі» тақырыбында семинар өтті.
Семинар барысында академиялық адалдықты дамыту, университеттің трансформациясы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс тәжірибесі және академиялық адалдықтың білім беру жүйесіндегі маңыздылығы талқыланды.
Ғылыми жиында Академиялық адалдық лигасының Жобалық кеңсесінің жетекшісі Нұргүл Маханбаева академиялық адалдықты барлық білім беру деңгейлерінде дамыту жолдары туралы айтты. Ал академиялық мәселелер жөніндегі проректор Людмила Мясникова Жұбанов университетінің академиялық адалдық қағидаттарына негізделген сапалы білімге көшу тәжірибесі мен болашағы жайында баяндама жасады.
Университеттің стратегиялық даму жөніндегі проректоры Дастан Хусаинов өз баяндамасында университеттің трансформациясы, ғаламдық білім беру стандарттарына бейімделу және жергілікті шешімдерді жүзеге асыру мәселелерін көтерді. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс қызметінің жетекшісі Дархан Мүсіров университеттегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шаралар мен олардың нәтижелері туралы баяндады.
Семинар соңында қатысушылар өзара пікір алмасып, университетте академиялық адалдықты одан әрі нығайту жолдарын талқылады.