
Профессор Қуанышбек Шүңкеев Ұлттық ғылыми кеңестің төрағасы болып тағайындалды
Бүгін Жұбанов университетінің профессоры Қуанышбек Шүңкеев жаратылыстану ғылымдары саласындағы «Елдің интеллектуалдық әлеуеті» бағыты бойынша Ұлттық ғылыми кеңестің төрағасы болып тағайындалды.
Қуанышбек Шүңкеев – радиациялық материалдар физикасы саласының мойындалған сарапшысы ғана емес, сонымен қатар ғылым мен білімнің дамуына баға жетпес үлес қосып келе жатқан ғалым. Оның көпжылдық еңбегі университеттегі көптеген ғылыми жетістіктер мен білім беру бастамаларының негізіне айналды.
Оның тікелей жетекшілігімен 12 жас ғалым физика-математика ғылымдарының кандидаты және PhD дәрежесін алды. Қазақстанның Ұлттық инженерлік академиясының академигі ретінде Қуанышбек Шүңкеев жас ғылыми кадрларды даярлау ісін жалғастырып келеді.
Бұл тағайындау – оның еңбегін мойындаумен қатар, Жұбанов университеті үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Атап айтқанда, ғылыми қауымдастықтағы орнын нығайту, зерттеу жобаларын кеңейту және студенттер мен оқытушыларға жаңа перспективалар ұсыну.
Қуанышбек Шүңкеевті осы тарихи оқиғамен құттықтаймыз! Ұлттық ғылыми кеңес оның басшылығымен жаңа биіктерге жететініне сенімдіміз. Бұл тағайындау еліміздің ғылымы мен технологиясының дамуына үлкен үлес қосары сөзсіз.
Жаңа қызметіңізде шабыт, күш-жігер және толағай табыс тілейміз!