
QAZ IQ BATTLE зияткерлік сайысы
Бүгін Жұбанов университетінде «QAZ IQ Battle» қазақ мәдениеті мен этнографиясына арналған зияткерлік сайыс өтті.
Сайыстың мақсаты қазақ халқының бай рухани мұрасын, салт-дәстүрін, тілдік және этнографиялық ерекшеліктерін терең зерттеу, қатысушылардың ойлау қабілетін дамыту және ұлттық құндылықтарға деген қызығушылықты арттыруға арналды.
Зияткерлік сайысқа факультеттердің профессор-оқытушылары мен студенттерінен құралған 8 команда қатысып, қазақтың дәстүрлі мәдениетіне, этнографиясына, мифологиясына және тарихи тұлғаларына қатысты күрделі сұрақтарға жауап берді.
Сайыс үш турдан тұрды. Бірінші турда қатысушылар қазақтың көне дәстүрлері, әдет-ғұрыптары мен этнографиялық ерекшеліктеріне қатысты сұрақтарға жауап берді. Екінші турда тарихи заңдар мен әдет-ғұрыптардың, салт-дәстүрлердің ішкі механизмдері және олардың әлеуметтік рөлдері қарастырылды. Бұл кезеңде командалар «Барымта», «Қанға қан, құн дауы», «Енші бөлісу», «Өлі-тірі дауы – атастыру дәстүрі», «Ақсүйек пен қарасүйек: әлеуметтік теңсіздік нормалары» және басқа да қазақ халқының дәстүрлі қоғамындағы құқықтық, әлеуметтік, этнографиялық нормаларға терең талдау жасады. Үшінші турда командалардың ой жылдамдығы мен тіл байлығы бағаланды.
Сайыс қорытындысы бойынша жеңімпаз командалар дипломдар мен арнайы сыйлықтармен марапатталды.