Өзбекстан Республикасының Қазақстан Республикасындағы елшілігі Жұбанов университетіне келді
Жұбанов университетіне Өзбекстан Республикасының Қазақстан Республикасындағы Бас консулы Жамолиддинхужа Абдукаримов және консул Миртемир Ганиев келіп, университет басшылығымен кездесті.
Кездесуде тараптар қазақстандық жоғары оқу орындарымен Өзбекстанның оқу орындары арасындағы жоғары білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.
Университет ректоры Лаура Қарабасова меймандарды оқу орнының тарихы мен жетістіктерімен таныстырып, Жұбанов университеті Өзбекстанның бірқатар жоғары оқу орындарымен тығыз серіктестік байланыста екенін атап өтті. Одан әрі оқу орнының басшысы мәдени алмасулар және интернационализациялау бағытында шетелдік студенттерге басымдық берілетінін, университет көптеген жеңілдіктер мен мүмкіндіктер ұсынып отырғанын алға тартты. Айта кетейік, қазіргі таңда Жұбанов университетінде 100-ден аса өзбекстандық жас білім алуда.
Өз кезегінде Бас консул Жамолиддинхужа Абдукаримов қос елдің жоғары оқу орындары арасындағы өзара тиімді стратегиялық әріптестікті кеңейту маңызды екенін жеткізді.
- Сіздің университеттің тарихымен және жетістіктерімен танысу барысында тәнті болып отырмын. Оқу орны базасында британдық жетекші университеттің кампусының ашылуы - талантты жастарға көптеген мүмкіндіктерге жол ашады. Бұл біздің өзбекстандық студенттерді де қызықтыратыны сөзсіз. Сонымен қатар оқу орны Өзбекстанның жоғары оқу орындарымен бірлескен жобаларды дамытуда жоғары әлеуетке ие. Әсіресе, техникалық бағыттағы кәсіби мамандарды даярлауда өзара тиімді келіссөздердің жолға қойылатынына сенемін, -деді Бас консул.
Кездесу барысында сондай-ақ, экологиялық мәселелерді шешуде, логистика, қазақ диаспорасы байланысын ғылыми тұрғыдан зерттеу мәселелері бойынша ұсыныстар айтылып, қос тарап ынтымақтастық қарқынын арттыруға дайын екендігін білдірді.