Болашақ экологиясы: Жұбанов университетінде «Өзіңнен баста» тақырыбында дөңгелек үстел өтті
22 қараша күні Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің «Мәңгілік Ел» залында республикалық «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында жастар арасында «Өзіңнен баста» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараға студенттер, жастар қоғамдық ұйымдарының өкілдері және қоғам белсенділері қатысты. Негізгі тақырып – жастардың экологиялық тәрбиесі мен қоршаған ортаға қамқорлық құндылықтарын насихаттау болды.
Белгілі кәсіпкер және қоғам қайраткері Қайыржан Танатаров өз тәжірибесімен бөлісіп, «Таза Қазақстан» республикалық акцияларына қатысу аясында көктем мен күз мезгілдерінде жүздеген қарағай ағашын отырғызғанын айтты.
– Қаланы көркейту мақсатында әр отырғызылған ағаш – үлкен болашаққа жасалған қадам, – деді Қайыржан Танатаров. – Тек бірлескен күш-жігеріміз арқылы экологиялық тепе-теңдікті сақтай аламыз.
Сонымен қатар, «Жасыл ел» облыстық штабының төрағасы Нұржан Шаңғытбаев жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті.
– «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында жыл басынан бері біздің облыстың көркейтілуі мен жастардың патриоттық рухын арттыру үшін қоршаған ортаның экологиялық жағдайына арналған іс-шаралар өткізілуде. Мыңдаған жас қатысқан «Таза қала – таза жағалау», «Туған қалаңа ағаш сыйла», «Менің атаулы ағашым», «Бұлақ көрсең, көзін аш!», «Ардагерлерді ардақтайық!», «Jasylcross - 2024» сияқты экологиялық акциялар ұйымдастырылды, – деді Нұржан Шаңғытбаев.
Дөңгелек үстел барысында өңір тұрғындарына арналған негізгі бағыттар айқындалып, тұрақты экологиялық акцияларды өткізу мен ағартушылық жобаларды жүзеге асыру жайы талқыланды. Жастар жаз бойы қоршаған ортаны қорғау акцияларына белсенді қатысқанын мақтанышпен атап өтті.
Алдағы жылы осы акциялар мен бастамалар жалғасын тапса, экологиялық жағдайдың жақсаруына оң өзгерістер әкелуге әлеует бар. Қоршаған ортаны жақсартуға бағытталған бірлескен күш-жігер аймақ тұрғындарының өмір сүру сапасын арттырып, тұрақты даму үшін маңызды негіз қалайды.