Студенттер қатарына қабылдау
Студенттер қатарына қабылдау рәсімі – әрбір оқу жылының ең маңызды әрі есте қаларлық оқиғаларының бірі. 90 жылға жуық тарихы бар Жұбанов университеті жыл сайын мыңдаған түлекті үлкен өмірге қанат қақтырса, жаңа оқу жылы олардың орнын білімге құштар жаңа буынмен толықтырып отырады. Биыл университеттің 9 факультеті мен Хериот-Уотт кампусына 3500-ден астам студент қабылданып, олардың 1800-ге жуығы мемлекеттік грант иегері атанды.
Бүгін университетте бірінші курс студенттерін ресми түрде студенттер қатарына қабылдау рәсімі басталды. Алғашқы салтанатты шара жаратылыстану факультетінде өтті, ал алдағы күндері бұл дәстүр басқа факультеттерде жалғасады.
Университет ректоры Лаура Қарабасова студенттерді осынау ерекше сәтпен құттықтап, олардың қоғамның қозғаушы күші әрі ғылымды ілгерілетудің маңызды буыны екенін атап өтті. Ол білім мен еңбектің маңыздылығын айта келе, жастарға жарқын болашаққа жол ашатын ұмтылыс пен адалдықтың басты құндылық екенін жеткізді.
Салтанатты жиын барысында бірінші курс студенттері университеттің дәстүрі мен беделін сақтап, ел игілігі үшін еңбек етуге салтанатты түрде ант берді. Шара соңында мерекелік концерт ұйымдастырылып, студенттер үшін бұл күн өмірлеріндегі ең жарқын әрі ұмытылмас сәтке айналды.