Басты бет > Жаңалықтар > Зорлық-зомбылықсыз әлем
4
Зорлық-зомбылықсыз әлем

Жұбанов университетінде «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» халықаралық акциясы аясында «Денсаулық және салауаттылық» орталығының ұйымдастыруымен өткен дөңгелек үстел қоғамдағы маңызды мәселелерді талқылауға арналып, зорлық-зомбылықтың алдын алу және отбасылық құндылықтарды нығайтуға бағытталды. Іс-шара барысында мамандар мен студенттер арасында ашық диалог орнады.

Облыс әкімінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы Маржан Корганбаева өз сөзінде өңірде жүргізіліп жатқан алдын алу жұмыстарына тоқталды. Оның айтуынша, зорлық-зомбылық тақырыбы әлі де көп жағдайда жабық күйінде қалады. Ол психолог мамандарының көмегіне жүгіну тек әйелдерге ғана емес, ер адамдарға да маңызды екенін атап өтті.

– Зорлық-зомбылықтың әртүрлі түрі бар. Біз бұл тақырыпты қозғап отырған себебіміз – сіздер болашақта отбасы құрасыздар, ал мұндай мәселелер қайталанбас үшін осы кездесулерден қажетті сабақ алуға тырысу керек, – деді Маржан Корганбаева.

Кездесу барысында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың профилактикасы, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, заңнамалық шараларды күшейту және отбасылық құндылықтарды дәріптеу мәселелері жан-жақты талқыланды. Комиссия мүшесі Еркін Шукурова жастарға отбасының берік негізін құруға бағытталған кеңестерімен бөлісті.