Zhubanov university оқытушылары мен қызметкерлері жоғары марапатқа ие болды
Жұбанов университетінде өткен Ғылыми кеңестің кезекті мәжілісі оқытушылар мен қызметкерлердің кәсіби жетістіктерін атап өтетін жағымды жаңалықтармен басталды.
Жиында университет ректоры Лаура Қарабасова марапат иелерін құттықтап, олардың білім ордасының дамуына қосқан ерекше үлестерін және табысталған ғылыми дәрежелер мен марапаттардың маңыздылығын атап өтті.
Атап айтсақ, Айнұр Дүйсенова физика білім бағдарламасы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алды. Күлзат Садирова тіл және әдебиет ғылыми бағыты бойынша «профессор» ғылыми атағына ие болды. Мейрамгүл Есенғұлова мен Айгүлден Тогайбаева «Білім» ғылыми бағыты бойынша қауымдастырылған профессор (доцент) ғылыми атақтарын иеленді.
Сонымен қатар ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің бірқатар марапаттары берілді. «Ана тілін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісі Zhubanov University облыстық ақпараттық-танымдық газетінің бас редакторы Гүлнара Қарашаға, «Тіл жанашыры» құрмет дипломы ректор кеңесшісі Сабыржан Мұхтаровқа, «Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру iсiнiң үздiгi» құрмет дипломы «Психология және арнайы педагогика» кафедрасының доценті Светлана Досжановаға, «Ғылым үздігі» құрмет дипломы физика кафедрасының меңгерушісі Жигер Убаевқа табыс етілді.
Бұдан бөлек жиында «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі мен Ғылым және жоғары білім министрлігінің Құрмет грамоталары, сондай-ақ министрлік пен Ақтөбе облысы әкімінің алғыс хаттары табысталды.
Мәжіліс барысында университет қызметінің маңызды бағыттары мен жетістіктері талқыланып, әртүрлі мәселелер қаралды. Университет кітапханасын трансформациялау бойынша кітапхананың заманауи талаптарға сай жаңғыртылуы мен студенттерге ыңғайлы жағдай жасау мүмкіндіктері қарастырылды. Бұл бағыт бойынша кітапхана жұмысының сапасын арттыруға арналған нақты шешімдер қабылданды. Сонымен бірге профессор-оқытушылардың ғылыми еңбектерін студенттер мен оқырмандарға қолжетімді ету мәселелері талқыланып, нақты ұсыныстар енгізілді.
Талқыланған мәселелер бойынша дауыс беріліп, ұсыныстар бірауыздан мақұлданды. Ғылыми кеңес төрағасы Лаура Қарабасова жиынға қатысушылардың белсенділігіне ризашылығын білдіріп, университет ұжымының ортақ жетістіктерге жетудегі ынтымағын жоғары бағалады.