Жұбанов университеті білім алушысының романы Лондонның «Алтын бұғы» сыйлығын иеленді
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің «Филология» білім беру бағдарламасының 1 курс магистранты Әлихан Жақсылықтың «Нотр-Дамда құлшылық жасау керек пе?» атты романы Ұлыбританияның Hertfordshire Press Award-2024 халықаралық кітап сыйлығында «Алтын бұғы» жүлдесіне лайық деп танылды.
– «Нотр-Дамда құлшылық жасау керек пе?» романым қазақ оқырмандары арасында да үлкен қызығушылыққа ие. Бұл шығармада адамзат тарихы мен бүгінгі заман құндылықтары арасындағы қайшылықтар терең бейнеленген. «Алтын Бұғы» сыйлығы менің келесі ағылшын тіліндегі шығармаларымды жариялауға және оларды әлемдік деңгейде таратуға үлкен мүмкіндік берді. Бұл мен үшін әлемдік әдебиетке жол ашатын маңызды қадам болды», – дейді Әлихан Жақсылық.
Айта кетейік, автордың бұл романы Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жоғары бағасын алды. Мемлекет басшысы роман авторына ресми хат жолдап, оның шығармасын жоғары бағалағанын және жақын арада оқып шығатынын мәлімдеді.
Роман 2024 жылдың қаңтар айында қазақ тілінде жарық көріп, мамыр айында ағылшын тілінде Лондондағы Hertfordshire Press баспасынан басылып шықты. Түрік тіліндегі нұсқасы Анкара қаласында жарық көрген. Ағылшын тіліндегі нұсқасы Түркияның Стамбул қаласында өткен Димаш Құдайбергеннің концертінде халықаралық аудиторияға таныстырылды. Сонымен қатар роман Amazon платформасы арқылы жаһандық сатылымға шықты.
Әлихан Жақсылықтың қаламынан шыққан тағы да бірнеше танымал шығармалары бар: «Алты Құрлық», «Төрт Мұхит» хикаяттар жинақтары, «Африкадан Аляскаға», «Ескі вокзалдың жолаушылары» романдары.
Сонымен қатар, ол бірнеше беделді марапаттарға, атап айтсақ, «Қанатсыз арман» әңгімесі үшін Ә.Кекілбаев атындағы жүлдеге, «Туранде сарқырамасына келген соңғы жолаушы» повесі үшін Кемел Тоқаев атындағы арнайы жүлде ие болды.«Бәкір Тәжібаев» атындағы номинация, «Хәкім Абай» атындағы номинация, «Түркі дүниесіне қосқан үлесі үшін» марапаты, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері.