Қысқы мектеп – 2025: Жоғары оқу орындарында инклюзивті білім беруді тиімді ұйымдастыру
2025 жылдың 5-10 қаңтары аралығында Жұбанов университетінде дәстүрлі қысқы мектеп өтуде. Іс-шараға профессор-оқытушылармен қатар менторлар да қатысуда. Биылғы шараның басты тақырыбы – жоғары оқу орындарында инклюзивті білім беруді тиімді ұйымдастыру.
Қысқы мектептің ашылу рәсімінде академиялық мәселелер жөніндегі проректор Людмила Мясникова қатысушыларға сәттілік тілеп, бұл тек біліктілікті арттыру алаңы ғана емес, сонымен қатар оқытушылар арасында тәжірибе алмасу мүмкіндігін туғызатын маңызды шара екендігін атап өтті.
Айта кету керек, инклюзивті білім беру саласын дамыту мақсатында дәрістер мен тренингтер «Педагогикалық білім беруді жаңғырту» жобасы аясында инклюзивті ортада тиімді коммуникация терапиясы мен инклюзивті білім беру моделін дамыту бойынша біліктілікті арттыру курстарынан өткен оқытушылар тарапынан жүргізілуде. Іс-шара барысында қатысушылар инклюзивті білім беру қағидаттары мен әдістемелерін оқу процесіне енгізу, ерекше қажеттіліктері бар студенттер үшін кедергісіз орта құру, сондай-ақ отандық және халықаралық озық тәжірибелермен танысу мәселелерін кеңінен талқылайды. Сонымен қатар шара барысында семинарлар мен практикалық сабақтар ұйымдастырылып, инклюзивті білім беру саласындағы соңғы үрдістер мен жаңалықтар қарастырылады.