Мемлекет және қоғам қайраткері Амангелді Айталының құрметіне мемориалдық тақта орнатылды
Бүгін мемлекет және қоғам қайраткері, философия ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Айталының құрметіне арналған мемориалдық тақтаның ашылу рәсімі өтті. Тақта ғалымның өмір сүрген үйі – 12 шағын аудандағы №21 үйде ашылды. Рәсімге Ақтөбе облысы әкімдігі, Ақсақалдар кеңесі, университет басшылығы, профессор-оқытушылар және Амангелді Айталының туыстары қатысты.
Іс-шара барысында ғалымның елеулі еңбектері мен кең ауқымды қоғамдық қызметі ерекше атап өтілді. Университет ректоры Лаура Қарабасова профессордың университет ғылымын дамытудағы өлшеусіз үлесіне тоқталып, бар өмірін Қазақстанның білім, ғылым және мәдениет салаларының өркендеуіне арнаған ғалымның ғылыми мұраларының бүгінгі қазақ ғылымындағы орны айрықша екенін атап өтті.
Амангелді Айталы Жұбанов университетінде 50 жылдан астам уақыт бойы аға оқытушы, доцент, кафедра меңгерушісі, декан және ғылыми жұмыс жөніндегі проректор қызметтерін атқарды. Сонымен қатар, ол 1999-2007 жылдары Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің депутаты ретінде халықаралық деңгейде білім мен мәдениет мәселелерін көтеріп, ТМД елдерімен парламентаралық байланыстарды дамытуды белсенді жүргізді. Ғалым еліміздегі заң шығарушы қызметке де белсене араласып, мәдениет, көші-қон, жер қатынастары, отбасы және қоғамдағы өзекті мәселелердің құқықтық тұрғыдан шешілуіне елеулі үлес қосты.
Профессор Амангелді Айталының еңбегі жоғары бағаланып, оған «Құрмет Белгісі», «Парасат», ІІІ дәрежелі «Барыс», ІІ дәрежелі «Барыс» ордендері, Қазақстан білім беру ісінің құрметті қызметкері және Қазақстан білім беру ісінің үздігі медальдары табысталған. Сондай-ақ, ол Ақтөбе қаласының және Ақтөбе облысының құрметті азаматы атақтарына ие болған.