«Қысқы мектеп» қорытындыланды
Бүгін қысқы мектеп тыңдаушыларына сертификаттар табысталды. Бір аптаға жуық уақыт ішінде университеттің 120-ға жуық профессор-оқытушылары мен менторлары инклюзивті білім беру саласында біліктіліктерін арттырды.
Қысқы мектеп аясында Жұбанов университеті және «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының Ақтөбе филиалы бойынша спикерлер «Ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды инклюзивті білім беру үрдісіне қосу», «Қазақстандағы инклюзивті білім берудің контексті және заңнамалық негізі», «Білім алушыларды психологиялық-педагогикалық қолдау жүйелерінің инклюзивті әдістемелері» тақырыптарында дәрістер өткізді. Сонымен қатар, «Денсаулық және салауаттылық» орталығының психолог мамандары психологиялық тренинг ұйымдастырды.
Университет ректоры Лаура Қарабасова қысқы мектептің басты мақсаты тек ұжымдық ынтымақтастықты дамыту ғана емес, сондай-ақ өмір бойы оқу қағидатын, оқыту мәдениетін қалыптастыру екенін атап өтті.
Естеріңізге сала кетейік, қысқы мектеп жобасы үш жыл бұрын алғаш рет бастау алған еді. Осы уақыт аралығында жобаның маңыздылығын бағалаған қатысушылар өз ойларымен бөлісті.
«Қысқы мектеп жобасы университетте биыл үшінші жыл қатарынан өткізіліп отыр. Әр жылы жаңа тақырыптар мен дағдыларға бағытталып, бұл жобадан көптеген пайдалы тәжірибе жинақтадым. Бұл уақыт бізге жаңа дағдыларды үйренуге, жаңа орта қалыптастыруға мүмкіндік берді. Сондықтан университет басшылығына, ұйымдастырушыларға шексіз алғысымды білдіремін», — дейді педагогика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Базархан Иманғалиева.