Нашақорлықпен күресу – қоғамның ортақ міндеті
Бүгін Жұбанов университетінде Ақтөбе облысы Полиция департаментінің өкілдері, психиатр нарколог және теолог мамандар студенттермен кездесу өткізді. Бұл шараның басты мақсаты – нашақорлықтың алдын алу және жастарды есірткі тасымалдау, қолдану сияқты заңсыз әрекеттерден сақтандыру жолдарын түсіндіру.
Ақтөбе облысы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының басшысы, полиция подполковнигі Берік Айсин есірткі сатумен айналысушылар арасында өкінішке орай жастардың көп кездесетінін атап өтті.
– Нашақорлық пен есірткі таратумен күрес үздіксіз жүргізілсе де, бұл дерт қоғамнан алыстамай тұр. Әлеуметтік желілер мен телеграм-каналдарда жеңіл ақша ұсынатындардың қармағына жастар түсіп жатқаны өкінішті. Заң бұл бағытта өте қатаң, есірткі мен психотроптық заттарды сақтау және тасымалдау ауыр қылмыстық жауапкершілікке тартылады, – деді ол.
Ал «Аңсар» ақпараттық талдау орталығының басшысы, теолог Тастанбек Разақ есірткі қолданудың тек физикалық емес, моральдық, діни және әлеуметтік тұрғыдан да зиянды екенін айтып, жастарды саналы өмір сүруге шақырды. Облыстық психикалық денсаулық орталығының дәрігері, психиатр нарколог Айдын Рысбекова есірткіге тәуелділіктің адам өміріне тигізетін теріс әсерлерін түсіндіріп, жастарға дұрыс таңдау жасаудың және өмірдің жағымды құндылықтарына көңіл бөлудің маңыздылығын атады.
Кездесу барысында студенттер сұрақтар қойып, өздерін толғандырған мәселелер туралы пікір алмасты.