Бөлім. Ақтөбе өңіріндегі алғашқы педагогикалық оқу орындары

 

         Ұлы Октябрь социалистік революциясынан кейін жаңа Үкімет – Кеңес үкіметі көптеген шаруалармен қатар халықты сауаттандыруды қолға алды.

         Саяси, экономикалық реформалармен қатар мәдениет, білім саласында да түбегейлі өзгерістер енгізу қолға алынды. Осы мақсатта Кеңес үкіметі мектептер мен мәдени ағарту мекемелерінің жаңа тұрғыдағы жүйелерін құруды қолға алды. Осы мақсатта ВЦИК 1918 жылы 16 қазанда «Бірыңғай еңбек мектебі туралы», РСФСР Халық ағарту комиссариаты 1918 жылы 31 қазанда «Аз ұлтты халықтардың мектептері туралы» қаулылар, 1918 жылы 2 тамызда РСФСР Халық комиссарлар Кеңесі «Жоғарғы оқу орындарына қабылдау ережелері туралы» декрет қабылдады.

         Бұл құжаттартың негізінде жоғары  оқу орындарына жасы 16-ға толған азаматтар ұлттық және  әлеуметтік тобына байланыссыз тегін білім алуға құқылы болды.

         Бірақ жастардың басым көпшілігінің қажетті жалпы орта білімінің болмауы ең басты кедергі болды. Сондықтан жоғарғы оқу орындарының жанынан қысқа мерзімде қажетті білім деңгейін беретін, оқуға, оқып орта білім алуға мүмкіндігі болмаған жұмысшылар мен шаруалар үшін орта білім беретін жұмысшылар факультеттері (рабфак) ашылды. Бұл факультеттер жұмысшылар мен шаруалардан Кеңес заманының зиялы азаматтарын – интеллигенциясын даярлап шығаруды мақсат етті.

         Шеткері аймақтарға оның ішінде қазақ ауылдарына арнайы адамдар жіберілді. Олардың мақсаты – коллективтендірумен қатар шаруалардың сауатын ашу, оқыту болатын. Дегенмен мұндай үлкен және маңызды жұмыстарды орындауға жіберілген адамдардың өздері көбінесе шала салауатты, тек хат танитын ғана қабілеті бар еді.

         Шеткері жатқан ұлт аудандарында  жергілікті жұмысшылар мен шаруаларды рабфактарға тарту орталық аймақтарға қарағанда кеш басталғанды. Оның ең бірінші қиыншылығы – негізгі жергілікті халықтың сауаттылығының төмен болуы. 1917 жылы Қазақстан халқының сауаттыларының үлесі 8,2% (қазақтар – 2%, әйелдер – 0,5%, оның ішінде қазақ қыздары мүлдем дерлік сауатсыз болды). Осы жағдайларға байланысты 1926 жылы Орта Азия мемлекеттік университінде (САГУ) тек 22 қазақ ғана оқыды. Зерттеушілер 1920 жылдың  басында Орынборда Қазақ университеті мен Политехникалық институтты ашудың кейінге қалдырылуын жергілікті халықтың сауаттылығының төмен деңгейімен байланыстырады.  Екіншіден, жергілікті ұлт өкілдерінің оқытушы кадрларының жетіспеуі. Үшіншіден, коллективтендіру жылдарында, одан кейінгі қуғын – сүргін, ақырында 1930 – 1933 жылдары ашаршылыққа ұшырып, есеңгіреп қалған қазақ жұмысшы – шаруаларының жағдайы мүлдем ерекшелеу болды.

Ал Ресейдегі жағдай мұнан біршама тәуірлеу болатын.

         1925-1926 жылдары Ресейдегі ірі өнеркәсіп орталықтарында жұмысшылар университеттері ашылды. Мұндай жұмысшылар университеттерінің негізгі базасы жергілікті оқу орындары болды. Олар жұмысшылар университеттерін оқу – құрал жабдықтарымен қамтамасыз ететін және қажетті профессор – оқытушы мамандар бөлетін.

         Онда кезкелген оқу орнына түсу үшін еңбекшілерден біліктілігі туралы аттестат не куәлік талап етілмейтін болатын.

         Жергілікті халықтың сауатын ашуды, білім беру жүйесін жолға қоюды тек мұғалімдер қауымы шешетін еді.

         1920 жылдары Республикада оқу мерзімі екі аптадан – бір жылға дейінгі уақытша және тұрақты педагогикалық курстар жұмыс істей бастады. Бұл курстардың мақсаты мұғалімдердің білімдік деңгейі мен соған көзқарасын қалыптастыру, елдегі сауатсыздықты жою болып табылды.

         1922 жылдың қараша айында Ақтөбе қаласында алғашқы педагогикалық курс ашылды. Бұл курста 125 оқушылар оқып, даярланып шықты. Ақтөбе қаласындағы бұл курс Қазақ АССР – індегі ең алғашқы тіркелген халыққа білім беру орны болып табылады.

         1923 жылы педкурс негізінде екі жылдық оқу мерзімімен педагогикалық техникум ашылды. Техникумды Қазан мұғалімдер семинариясының түлегі, бұған дейін 1910 – 1917 жылдары Ақтөбедегі екікласты орыс – қазақ училищесінің директоры болып істеген, тәжірибесі бар А.Афанасьев басқарды. Техникумның алғашқы оқушылар контингенті 120 адамнан тұрды (36 қазақ, 84 орыс). Оқу процесін 10 оқытушы қамтамасыз етті: Снежицкий И.А. – МГУ түлегі, математика пәні, Суслов А.Г. – Ленинград университетінің түлегі, гигиена пәні, Харитонов П.Е. – МГУ түлегі, экономика пәні, Гречкин И.Н. – Орынбор мұғалімдер институтының түлегі, тарих және география пәндері, Казанская А.Н. – Харьков қаласының әйелдер курсының түлегі, орыс тілі мен әдебиеті пәндері, Вареников А.Ф. – Ленинград университетінің түлегі және т.б.

         Педтехникум Ақтөбедегі екікласты орыс – қазақ училищесінің оқу корпусында орналасып, оның жанынан оқушылар үшін интернат ашылды.

         Қаражаттың болмауына байланысты Ақтөбе педагогикалық техникумы 1925 жылғы қаңтардың алғашқы күндерінде жабылды.

         Ақтөбе өңірінің мектептеріне мұғалім кадрларының қажеттілігіне сәйкес, сол жылғы қарашада педагогикалық техникум қайта ашылды. Қазақ тілінен білім беретін алғашқы арнаулы оқу орны болды. Педтехникум жанынан мұғалімдерді қайта даярлайтын педкурстарда жұмыс жасай бастады. Сол курстан 148 мұғалім өз білімдерін жетілдірді. Бұл сол кездегі облыстағы мұғалімдердің 45% еді. Техникумның материалдық – техникалық базасы нығайтылып, жастармен жан – жақты     тәрбие жұмыстары жүргізілді. «Кеңес үгітшісі» және «Жаңа мәдениет» тақырыбындағы жар газеттері жүйелі шығарылып тұрды. 1920-1930 жылдары Ақтөбе губерниясында қазақтардан кейінгі көп ұлттың бірі украиндар болды (18,9%). Олардың басымдылық жағдайы ескеріліп, 1931 жылы педагогикалық техникумның жанынан украин тілінде оқытылатын бөлім ашылды. 1932 жылғы 18 наурызда Ақтөбе облысының құрылуына және әкімшілік территориялық құрылымдық өзгерістерге сәйкес украин тілінде оқытылатын бөлім Ақбұлақ педтехникумына берілді. Ал қазақ бөлімінің негізінде Темір педагогикалық техникумы құрылды.

         1930 жылдардың ортасында Ақтөбе педагогикалық техникумының негізінде Ақтөбенің орыс – қазақ педагогикалық училищесі құрылды.  Педучилищенің оқу корпустары жетіспегендіктен қаланың №6, 8, 14 мектептерінде сабақтар жүргізілді. Ақтөбе облыстық партия комитеті мен облыстық атқару комитетінің 1936 жылғы «Педагогикалық кадрлерді даярлау және қайта даярлау туралы» қаулысына сәкес облыста 3 айлық курстар ұйымдастырылды. Сол кезде Темір қазақ педтехникумындағы курста – 35, Қостанай орыс педтехникумы мен Орынбор қазақ орта мектебінде – 70 тыңдаушылар оқыды. 1937 жылы қаңтарда Ақтөбе қаласының №7 орталау мектебінің жанынан педтехникумның кешкі бөлімі ашылды. Бұл да мұғалім кадрларға деген үлкен сұраныстарды шешу жолдарының бірі еді. Ақтөбе қаласында тұратын мұғалімдер үшін жұмыстан қол үзбей арнаулы орта білім алудың жолдары болды. Кешкі педтехникумда алғашында 90 мұғалім оқыды. Осы уақытта сырттай оқытудың жүйесіде жетіле түсті. Қызылорда, Орал, Гурьев облыстары үшін 300-дей мұғалімдер даярланды.

    Бұл кездері Қ.Жұбанов Ақтөбедегі губерниялық оқу бөлімінің инспекторы болып жұмыс жасайтын. Қ.Жұбанов тек қоғамдық пәндерді ғана емес математика, физика, химия сияқты ғылымдардан хабардар болатын. Кезінде Ақтөбе педагогикалық техникумында Құдайберген Жұбанов математикалық пәндерден сабақ берген.    

    ХХ ғасырдың 20-30 жылдарында Ақтөбе облысында алғашқы Кеңестік педагог кадрлары қалыптаса бастады. Ақтөбе педагогикалық техникумының түлектері облыстың білім беру, мәдени ағарту жұмыстарына белсене араласа бастады. Академик А.Жұбанов, Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген мұғалімдер Құбайдолла Ақтаев, Мұхтар Жанғожин, Қазақстан Республикасының білім беру үздігі  Емберген Тереков т.б. – Ақтөбе педтехникумының түлектері.

Қ.Ақтаев (1905–1968) 1930 жылы Ақтөбе педтехникумын бітіріп, Ырғыз, Шалқар аудандарының мектептерінде мұғалім болды. Орал мемлекеттік пединститутын бітірген соң Ақтөбедегі №6 қазақ ортра мектебінде 1936 жылдан бастап математика пәнінен сабақ берген. Ұлы Отан соғысына қатысқан, Ақтөбе облыстық атқару Комитетінде өнер бөлімнің меңгерушісі, 1948 – 1950 жылдары №6 мектептің директоры, кейін зейнеткерлікке шыққанша мұғалім болып жасаған. 1995 жылы Ақтөбе қалалық маслихатының шешімімен оның есімі №6 қазақ орта мектебіне берілген.

         Ержанов Кәрім (1910-1995) Ақтөбе педтехникумын, кейін Н.Байғанин атындағы Ақтөбе пединститутының тарих факультетін бітірген. Ұзақ жылдар бойы «Алға», «Теміржол екпінділері», «Шаруа тілі», облыстық «Социалистік жол», «Коммунизм жолы» газеттерінде журналистік қызметтерде болды. Кейін партия жұмысына ауысып, облыстық Партия комитетінің сектор меңгерушісі, Байғанин, Жұрын аудандарының партия комитеттерінің бірінші хатшысы қызметтерінде болды.

         Ақтөбе өңірінде мұғалімдік кадрларымен қатар БК(б)П Орталық Комитетінің 1932 ж. 21 қыркүйектегі қаулысы бойынша ауыл шаруашылығына партия ұйымдастырушыларын әзірлеу үшін жоғары Коммунистік ауылшаруашылық мектептері ашыла бастады (ЖКАШМ – ВКСХШ – высшая коммунистическая сельскохозяйственная школа).

         Мұндай мектеп Ақтөбе қаласында да ашылғанды. Оның алғашқы директоры Оспанов Құрманғали болды.

         ЖКАШМ 1937 жылға дейін өмір сүрді. Аталмыш мектепті сол кездегі Ақтөбеліктер «КомВУЗ» деп атап кетті. КомВУЗ-ды бітіріп шыққан азаматтардың көпшелігі ауылшаруашылығына жіберілді. ЖКАШМ – де дәріс берушілердің ішінде тек жалғыз-ақ адам – Қ.Басымов қазақ тілінің доценті, кейін профессор атағын алды. Қ.Оспановтың өзі саяси экономиядан, ал математикадан жоғары білімді Некрасов А.В. доцент ғылыми атағы бар дәріс берді.

         Партияның ХVІІІ съезінің шешіміне сәйкес 1939 ж. БК(б)П Орталық Комитетінің жанындағы Жоғары Партия мектебі құрылып, Ақтөбедегі ВКСХШ облыстың Партия Комитеті жанындағы партия мектебіне айналады.

         Айта кету керек, Қ.Оспанов өмірінің соңғы жылдарында Қазақстан Орталық Партия  Комитеті жанындағы партия мектебін басқарды. Мұнан бұрын облыстық партия Комитетінің бөлім меңгерушісі, идеология жөніндегі хатшысы қызметтерін атқарды.

         КомВУЗ-де қысқа мерзімді – 3 айлық, 6 айлық, 1 жылдық,  2 жылдық, тіпті 3 жылдық болып та ашылған болатын. Бұл курстарда жоғары білімді оқытушы мамандардың жетіспеушінен қиыншылықтар көрді. Ауылда жүрып жатқан науқанның бірі – сауатсыздықты жою (ликбез – халық «саужой» атап кеткен)  курстары, мектептер ашылып, олар да мұғалім кадрлерінің жетіспеушілік тапшылығын көрді.

         Ақтөбе, Темір қалаларында, Ақбұлақта ашылған педучилищелердің де білімді кадрлары – оқытушылары жетіспеді.

         Қазақ ССР Халық Комиссарлар Кеңесінің 1931 жылы тамыздағы жалпыға бірдей 7 жылдық білім беруді енгізу туралы қаулысына сәйкес Қазақстанда педагогикалық техникумдармен қатар мұғалімдер даярлайтын институттар жұмыс жасай бастады. Аталған қаулыға сәйкес 7 жылдық білім беретін мектептерде сабақ беретін мұғалімдер даярлайтын институттар ашыла бастады.

 

1. Алғашқы мұғалімдер институты

(Учительский институт, қаңтар 1935 – қазан 1947, 2 жылдық)

 

Облыс басшылары Ақтөбеде жоғары оқу орын ашуға Мәскеуден рұқсат алып, нақтылы іске кіріседі. 1934 жылы облыстық атқару комитетінің президиумы төмендегідей мазмұнды қаулы алады.

 

Ақтөбе облыстық атқару комитетінің президиумы отырысының

Қаулысы

 

№163                   16 желтоқсан 1934 ж.

 

1. 1935 жылы 1 қаңтардан бастап Ақтөбе қаласында физика  - математика және тарих бөлімдерімен 70 адамдық екі жылдық педагогикалық институт ашылсын.

2. Институт директорлығына Залиев жолдас тағайындалсын және оған студенттер мен профессор – оқытушылар құрамын ұйымдастырып, 1935 жылдың қаңтар айының басында жұмысты бастау тапсырылсын.

 

Облыстық атқару комитетінің

төрағасының орынбасары:                      (Қожахметов)

 

Залиев Нұғман – 1889 жылы бұрынғы Бөкей Ордасына қарасты Сетекбай – Тоғай елді мекенінде дүниеге келеді. Әкесі – Зали мұсылманша оқыған, балаларының оқып, білім алуына көп көңіл бөлген. Нұғман жастайынан ұқыпты, сабаққа зерек болады. Оқуын ауылында бастап, 1902 жылы Ордадағы екі жылдық училищеге түседі. Оқи жүріп, бір жылдық мұғалімдік курске де қатысады. Заты зерек, мұғалімдікті ұнататын жас бала екеуінде толық бітіріп шығады.

1905 жылы Қазан қаласындағы Мұғалімдер семинариясына оқуға түседі. Қазан қаласы ол кезде білім орталығы ғана емес, революциялық қозғалыстың да орталығына айнала бастаған болатын.

Нұғман саяси үйірмелерге қатысып, ел арасында жүргізілген саяси үгіт жұмыстарына қатыса бастайды. Ресей социалистік демократиялық партиясының ұйымдарының орталығы саналатын Апафузов зауыты сол саяси ұйымдардың қайнаған орталығына айналады. Семинарияны бітіргеннен кейін 1909 – 1911 жылдары орыс – қазақ мектебінде жағрапия және жаратылыстану пәндерінен сабақ береді.

1916 жылғы Ұлт – азаттық қозғалысының ұйымдастырушыларының бірі болады. 1922 – 1924 жылдары Қазақ АССР – інің  Ішкі Істер Министрінің орынбасары, Халық Ағарту Комиссары болып тағайындалады. Кеңестердің ІІІ – IV съездерінде Қазақстан Орталық Атқару Комитетінің мүшесі болып сайланды. 1923 жылдың наурыз айында Қазақстан Орталық атқару комитетінің ІІ сессиясына қатысқан белгілі Қазақ зиялылары – жалынды революционер, ақын С.Сейфуллин, қазақ әйелдерінің арасынан алға шыққан мемлекет қайраткері А.Оразбаева, қазақ халқының мақтанышы біртуар азаматтар Ораз Исаев, Сейітқали Меңдешев және т.б. танысып, пікірлеседі. Кейін Орынбордағы Қазақ Мұғалімдер курсының директоры болып тағайындалады. Осы қызметтен жаңадан ашылған Ақтөбе мұғалімдер институтының директорлығына тағайындалады.

 

2. Н.Байғанин атындағы Қазақ әйелдері мұғалімдер институты

(Женский учительский институт им. Н.Байганина,

қазан 1947 – тамыз 1954, 2 жылдық)

 

Соғыстан кейінгі жылдары да ҚазақССР Үкіметі қазақ жастарының арасынан, әсіресе қазақ қыздарынан, мұғалімдер даярлаудың жоспарларын жасады.

«ҚазақССР-інде арнаулы және жоғары білім беруді дамыту туралы» СССР Министрлер Кеңесінің  16.11.1948 жылғы №3801 қаулысына сәйкес Ақтөбе мұғалімдер институты Н.Байғанин атындағы қыздар педагогикалық институты болып қайта құрылды. Бұл республикадағы қазақ қыздарына жоғары педагогикалық білім беретін екінші жоғары оқу орны болды. Бұған дейін 1944 жылы Алматыда мемлекеттік қыздар институты ашылған болатын.

Қабылданған ер балалар 1948 -1949 оқу жылынан бастап Орал және Шымкент педагогика институттарының сәйкес мамандықтарына ауыстырылды.

   Н.Байғанин атындағы Қазақ Қыздар Мұғалімдер институтының директорлары болып әр жылдары Ж.А.Алимбаев(тамыз 1948 – қазан 1948), З.М.Баймұхамедова (қазан 1948 – мамыр 1952), Х.Ж.Науанов (мамыр 1952 – қыркүйек 1952), Қ.Б.Балниязова (қыркүйек 1952 – тамыз 1954)  қызмет атқарды.

   Жаңадан ашылған институтқа Қазақстан Үкіметі ерекше көңіл бөліп, оқу ғимаратын жоспарлап, салып беруді жүзеге асырды. Ол ғимарат 1956 жылы пайдалануға берілді. (Қазіргі күні  Әйтеке би көшесідегі ол ғимаратта Қазақ-Ресей жеке университеті орналасқан).

 

   Жаңа ғимарат оқу кабинеттері, 120 орындық жатақхана және асханамен жабдықталды. Жаңа ғимараттың салынуына З.М.Баймұхамедова ерекше үлес қосты.

   Оқу ғимаратының құрылысының жобалық-қаржылық құжаттарын әзірлеуде Одақ, Республика және облыс басшыларының алдына дәйекті түрде дер кезінде мәселе қойып, оның жүзеге асырылуына зор еңбек сіңірген Зияда Мырзагелдіқызы болатын.

Жас директор кадр мәселесімен қоса институттың материалдық базасын нығайтуды да естен шығармайды. Дзержанский 2 көшесіндегі институт оқу корпусы өскелең талапқа сай келмейтініне көзі жетеді. Оқу лабораториялары, шеберханалар (қыз балалар үшін тігін цехы) өте қажет етеді. Жоғарыға қарап өскен заман. Мәскеусіз іс бітпейді. Облыс шараларымен келісіп, оқу корпусының жөн – жобасын жасатып, (құрылыстың жоспары, қаржысы т.б.) Мәскеуге іссапарға барады.

   Институт директоры З.М.Баймұхамедова туралы ел, халық жадында жылы лебіздер сақталған. Кезінде Мәскеуге дейін барып, институт корпусын салуға рұқсат алып «Азулы директор» атанып, салынған корпусты халық «Зияда ғимараты» деп те атап жүрді.

  Әскери қызметтегі жолдасының жұмыс бабына орай институт директорлығынан өз өтінішімен босанып, Қиыр Шығысқа қоныс аударды. Көп ұзамай Ақтөбеге оралып, қаланың №6 қазақ орта мектебінің директоры болып қызмет атқарды. Мектепте жас мұғалімдер де, тәжірибесі мол ұстаздар да көп болатын. Математика пәнінің зергері, Ұлы Отан соғысы кезінде батальон командирі болған Ғұбайдолла Ақтаев, математика туралы тартыс болса, тартынбай топқа түсетін, Жапон соғысының ардагері Ғұмар Асрепов, химия пәнінің мұғалімі Сағынғали Нұртазин т.б. болды.

Кейін Зияда Мырзагелдіқызы Баймұхамедова облыстық кәсіподақтың хатшылығына ауысып, жауапты қызметтер атқарды. Ойшыл, іскер, қарауындағы адамдарға тек жақсылық қана ойлайтын, қолма – қол жәрдем беретін жан болатын.

 

Ақтөбе өңірінде 1966 жылға дейін төмендегідей педагогикалық оқу орындары жұмыс жасады:

1.      1920 - 1922 жыл Ақтөбе қаласындағы ашылған және жұмыс жасаған  педагогикалық курстар(оқу мерзімі 2 аптадан 1 жылға дейінгі уақытша және тұрақты).

2.      1923 жылы ашылған педагогикалық техникум(алғашқы диреторы А.Афанасьев).

3.      1930 жыл Ақтөбе орыс-қазақ педагогикалық училищесі(түлектері – А.Жұбанов, М.Жангожин,  Ғ.Ақтаев, С.Мұқашев, К.Ержанов, Е.Тереков және т.б.).

4.      Алғашқы мұғалімдер институты (учительский институт) оқу мерзімі 2 жыл, қантар 1935 – қазан 1947, алғашқы директоры Нұғман Залиев, кейінгі директорлары – С.Г.Шейнессон, Қ.Оспанов, Д.С.Кантемиров, Н.Ф.Пак.

5.      Н.Байғанин атындағы қазақ қыздар мұғалімдер институты (женский учительский институт) оқу мерзімі 2 жыл, қазан 1947 – тамыз 1954, алғашқы директоры – Ж.А.Алимбаев,  кейінгі директорлары – З.М.Баймұхамедова, Х.Ж.Науанов, Қ.Б.Балниязова.

6.      Н.Байғанин атындағы Ақтөбе педагогика институты (тамыз 1954 – тамыз 1958) директоры – Ғ.А.Абуханов.

                   Ақтөбе педагогикалық институты(1966-1983)                                           

                                Қалыптасу кезеңі

    1958 жылы Н.Байғанин атындағы Ақтөбе педагогикалық институты жабылғаннан кейін, көп кешікпей – ақ облыс мектептерінде мұғалімдер кадрының жетіспеушілігі байқалды. Мұндай жетіспеушілік аудандарды былай қойғанда Ақтөбе қаласының өзінде де айқын сезілді. Мұның негізгі себептері Ақтөбе қаласындағы өндіріс орындарының өсіп дамуы(ферросплав, рентеген, ауылшаруашылық машиналарын жасау, хром қосындылары, селикат , т.б. заводтары) соған орай қала халқының тез өсуі.

   Екі жоғары оқу орнын қатар ұстау мүмкіндігінен айырылған облыс басшылары қайтадан педагогика институтын ашу туралы мәселені көтеріп, оны республика басшылығының алдына қойды.

  1964 – 1965 жылдары Ақтөбе облысының мектептерінде математика мен физикадан жоғары білімді дипломы бар мамандар жетіспеді. Ақтөбе облыстық  партия комитеті мен еңбекшілер депутаттарының облыстық кеңесінің Қазақ ССР Министрлер Кеңесіне берген ұсынысында педагогикалық институтты тез арада ашуды сұрайды. 1969 – 1970 жылдары орта мектептердегі математика және физика пәндерінің мұғалімдеріне деген сұраныс 110 адамға дейін жетпейдіндігі көрсетілген. Қазақстан Коммунистік Партиясының ОК және Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің 1966 жылғы 15 сәуірдегі №261 қаулысы бойынша Ақтөбе педагогикалық институты ашылды.

Центральный комитет КП Казахстана и Совет Министров                                  Казахской ССР Постановление                                                                                                                                                                                                                                                               

                                                                        №261                    от 15 апреля 1966 года

Алма-Ата,  дом правительства                                                                                                        Об организации в городе Актюбинске пединститута

 

   В соответствии с постановлением Центрального Комитета КП Казахстана и Совета Министров Каз. ССР от 20 июня 1962 года №423 ЦК КП Казахстана и Совет Министров Казахской ССР постанавляют:

1. Принять постановление Актюбинского обкома КП Казахстана, облисполкома и Министерства Высшего и среднего специального образования Казахской ССР об организации в 1966 году в городе Актюбинске педагогического института с планом приема 250 человек на дневное и 100 человек на заочное обучение согласно приложению.

2. Согласиться с предложением Актюбинского обкома КП Казахстана и облисполкома о передаче на баланс министерства Высшего и среднего специального образования Казахской ССР строящегося здания школы на 960 мест в городе Актюбинске для резмещения педагогического института, а также ряда административных зданий областных организаций под общежитие студентов этого института, после завершения строительства  Дома Советов.

3. Обязать Актюбинскй обком КП Казахстана и облисполком: а) Выделить для профессорско – педагогического состава Актюбинского педагогического института в 1966 году 10 квартир и 1967 году  20 квартир. б) Оказать помощь пединституту в создании учебных лабораторий, безвозмездной передачи оборудовании и приборов промышленными предприятиями области в соответсвии постановлением ЦК КПСС и Совета Министров СССР от 30 августа 1954 года № 1836.

5. Поручить Министерству Финансов Казахской ССР и Министерству высшего и среднего специального образования Казахской ССР совместно рассмотреть и определить расхлды на содержание Актюбинского педагогического института на 1966 год и в месячный срок представить Совету Минсистров Казахской ССР свои предложения о размерах ассигнований и об источниках покрытия.

6. Госплану Казахской ССР выделить Министерству Высшего и среднеего специального образования Каз. ССР  для Актюбинского педагогического института лимит на мебель, а также на хлопчатобумажные ткани и шерстяные одеяла по предситавленным расчетам.

7. Госплану Казахской ССР и Министру Финансовой Казахской ССР внести в народнохозяйтвенный план пи республиканский бюджет на 1966 год  изменения, вытекающее из настоящего постановления.

   Секретарь                                                                                               Председатель       Центрального Комитета                                                              Совета Министров   КП Казахстана                                                                                    Казахской ССР         Д.Кунаев                                                                                                М.Бейсебаев     

  Осы қаулыны орындау мақсатында Ақтөбе облыстық партия комитетінің бюросы мен еңбекшілер депутаттарының облыстық кеңесінің атқару комитеті бірлескен қаулы қабылдады(№245 сәуірдің 29-ы 1966). Қаулыда облыстың құрылыс мекемелеріне, қалалық кеңеске нақтылы тапсырмалар жүктелді.

   Пединституттың алғашқы ректоры болып Шымкент педагогика институтының орыс тіл кафедрасының меңгерушісі, бұрынғы Н.Байғанин атындағы педагогика институтында қызмет жасаған, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Павел Степанович Щетинин тағайындалды. Оқу және ғылыми жұмыстар жөніндегі проректор болып физика-математика ғылымдарының кандидаты - Мырзағали Отарұлы Төлегенов бекітілді. М.О.Төлегенов бұған дейін С.М.Киров атындағы Казақ Мемлекеттік университетінде математикалық анализ кафедрасының доценті болып қызмет атқарған.

   Алғаш тағайындалған ректордың алдында жаңа ашылған оқу орнының материалдық базасын құру, кафедраларды кадрлармен қамтамасыз ету, алғашқы студенттерді қабылдау жұмыстарының жүргізу міндеті тұрды.

   Студенттер оқудың алғашқы үш айында №1 орта мектепте оқыды. Қабылдау емтихандары да осы мектепте өтті. 1966 жылы желтоқсан айының ортасында институт М.Горький(қазіріг Асау – Барақ) көшесіндегі №124 жаңадан салынып жатқан 960 орындық мектепке көшірілді. Жаңа ғимаратта 28 аудитория, 500 орындық мәжіліс залы, 300 шаршы метр спорт залы, пән кабинеттері және физика пәні бойынша үш лаборатория, ал үшінші қабатына студенттердің жатақханасы орналасты. Аудиториялар мен арнаулы кабинеттері жетіспеді. Сондықтан 1967 жылы институтқа 844 шаршы метр көлемдегі педагогикалық училищесінің ғимараты беріліп, оған филология факультетінің студенттері көшірілді. Келесі жылы Ақтөбе Жилстрой мекемесінің жатақханасынан 100 орын,  медицина институтының жатақханасынан 50 орын берілгеннен кейін студенттердің әлеуметтік – тұрмыстық жағдайлары жақсара түсті. Екі жылдан кейін пединститут студенттеріне 400 орындық өздерінің жатақханасы пайдалануға берілді. Алғашқы 1966-1967 оқу жылында институттың екі факультетіне (физика-математика, филология) 4 мамандық(орыс тілі мен әдебиеті, ұлт мектептеріндегі орыс тілі мен әдебиеті, математика, физика) бойынша 350 студент қабылданды. Оның 100 студенті сырттай бөлімге, бір факультетке біріккен 6 кафедрада 23 оқытушы жұмыс істей бастады. Кейін екі факультет құрылып, олардың алғашқы декандары физика-математика факультетінде – П.Я.Шибаев – физика-математика ғылымдарының кандидаты, доцент; филология факультетінде -И.Я.Сулковский. Кафедра меңгерушілері: жоғары математика – М.О.Төлегенов; марксизм-ленинизм – Е.Х.Мухамеджанов; педагогика – психология – К.Б.Балниязова; орыс және шетел әдебиеті – В.Н.Смирнова, филология ғылымдарының кандидаты, доцент; дене тәрбиесі – В.Н.Перегудов; шетел тілдері – Б.В.Дедикова.

1972 – 1974 жылдары М.Горький және К.Либкнехт көшелеріндегі оқу корпустары  біртіндеп С.М.Киров (қазіргі Есет батыр)  № 144 және Тургенов 100а көшелеріндегі құрылыстары аяқталған корпустарға  көшірілді. Кейіннен А.Молдағұлова № 34 үйдегі 8 қабатты оқу корпусының құрылысының аяқталуына байланысты  жоғарыда аталған Есет батыр көшесіндегі  корпусы № 24 мектепке берілді. Казіргі 8 қабатты бас оқу ғимаратының жобалық-қаржылық құжаттары П.С.Щетининнің ректорлығы кезінде әзірленіп, ол корпустың каркасы  тұрғызылып, аяқталуы құрылыс комбинатының қабырғалық-жапсырмалы бетон плиталарын әзірлеу технологиясын игеруге байланысты кідіріс тапқан болатын.

    П.С.Щетинин сол кездегі облыстық партия комитетінің бірінші хатшылары Н.И.Журин мен В.А.Ливенцовтардың педагогика институтының материалдық, кадрлық базаларының проблемаларының оңтайлы түрде шешілуіне үнемі қолма-қол жәрдем беріп отырғанын айтатын.

    1974 ж. дене тәрбиесі факультеті ұйымдастырылды. (алғашқы деканы – В.Н.Перегудов).

    1975 ж. студенттер контингентінің өсуіне байланысты филология факультетінен шетел тілдері факультеті бөлініп шықты (алғашқы деканы – К.А.Якубова). 

    1982 ж. дене тәрбиесі  факультетінен  жаратылыстану  факультеті  (алғашқы деканы –А.Р.Садыков) бөлініп шықты.

     1980 жылдардың басында студенттер контингенті 2,5 мыңға дейін өсті, 5 факультет, 19 кафедра жұмыс жасады. 

 

  • 1966 ж. 15 сәуірдегі  Қазақстан Коммунистік Партиясының Орталық Комитеті мен Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің  № 261 қаулысы бойынша Ақтөбе педагогикалық институты ашылды. Институттың алғашқы ректоры болып бұған дейін Шымкент педагогика институтының орыс тілі кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарған филология ғылымдарының кандидаты, доцент Павел Степанович Щетинин тағайындалды.

 Оқу және ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры болып С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің математикалық анализ кафедрасының доценті,физика-математика ғылымдарының кандидаты  Мырзағали  Отарұлы Төлегенов бекітілді. Әкімшілік-шаруашылық бөлімін Абузар Сафич Ситдиков басқарды.

  • Алғашқы оқу жылының 3 айында студенттер № 1 мектепте оқыды. 1966 ж. желтоқсан айында М.Горький (қазіргі Асау Барақ) көшесіндегі № 124  жаңадан салынып біткен 960 орындық мектепке арналған үш қабатты ғимаратқа көшірілді. Жаңа ғимаратта 28 аудитория, 500 орындық мәжіліс залы, пән кабинеттері мен зертханалар болды, үшінші қабатына студенттер жатақханасы орналасты.
  • 1966 жылы институттың екі факультетіне (физика-математика, филология) 350 студент қабылданды, оның 100-і сырттай бөлімге. 5 кафедраға біріккен 23 оқытушы жұмыс істеді.
  • 1967 жылы институтқа қосымша педагогикалық училищенің ғимараты (аумағы 844 ш.м.), Актюбжилстрой мекемесінің жатақханасынан 100 орын, медицина институтының жатақханасынан 50 орын берілді.
  • 1968 ж. 400 орындық студенттік жатақханасы (қазіргі Маресьев көшесіндегі) пайдалануға берілді.
  • Физика-математика факультетінде  (алғашқы деканы П.Я.Шибаев) – 2 мамандық (математика және физика – қазақ, орыс бөлімдері), филология факультетінде (алғашқы деканы И.Я.Сулковский) алғашында  2 мамандық (орыс тілі мен әдебиеті, ұлт мектептері үшін орыс тілі мен әдебиеті), бір жылдан кейін ағылшын тілі бөлімі ашылды.
  • 1972 – 1974 жылдары М.Горький және К.Либкнехт көшелеріндегі оқу корпустары  біртіндеп С.М.Киров (қазіргі Есет батыр)  № 144 және Тургенов 100а көшелеріндегі құрылыстары аяқталған корпустарға  көшірілді. Кейіннен А.Молдағұлова № 34 үйдегі 8 қабатты оқу корпусының құрылысының аяқталуына байланысты  жоғарыда аталған Есет батыр көшесіндегі  корпусы № 24 мектепке берілді.
  • 1974 ж. дене тәрбиесі факультеті ұйымдастырылды. (алғашқы деканы – В.Н.Перегудов)
  • 1975 ж. студенттер контингентінің өсуіне байланысты филология факультетінен шетел тілдері факультеті бөлініп шықты (алғашқы деканы – К.А.Якубова). 
  • 1982 ж. дене тәрбиесі  факультетінен  жаратылыстану  факультеті  бөлініп шықты (алғашқы деканы –А.Р.Садыков) бөлініп шықты.
  • 1983ж. шілденің 1-нен 1995 ж. қыркүйекке дейін институтты филология ғылымдарының кандидаты (герман филологиясы), профессор Мұхтар Ғалиұлы Арынов басқарды. 
  • 1984 ж. тамызда А.Молдағұлова  көшесіндегі оқу  корпусының  құрылысы аяқталып, оның ашылуына КПСС Орталық Комитеті Саяси бюросының мүшесі, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы, еліміздің ардақты ұлы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев, сол кездегі  Республика  Министрлер Кеңесінің төрағасы,  болашақ Тәуелсіз Еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қатысты.

 

Ақтөбе педагогикалық институты(1983-1995)

Өтпелі кезең

  1983-1995 жылдар аралығы университетіміздің 40 жылдық тарихында өтпелі кезең болды. Осы кезең ауыртпалығын республиканың ғылымы мен оқу ағарту ісіне орасан зор еңбек сіңірген, белгілі тұлға, профессор Мұхтар Ғалиұлы Арын(1936-1995) көтерді.

   1983ж. шілденің 1-нен 1995 ж. қыркүйекке дейін институтты филология ғылымдарының кандидаты (герман филологиясы), профессор Мұхтар Ғалиұлы Арынов басқарды. 

   1984 ж. тамызда А.Молдағұлова  көшесіндегі оқу  корпусының  құрылысы аяқталып, оның ашылуына КПСС Орталық Комитеті Саяси бюросының мүшесі, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы, еліміздің ардақты ұлы Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаев, сол кездегі  Республика  Министрлер Кеңесінің төрағасы,  болашақ Тәуелсіз Еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қатысты.

   1985ж. физика-математика факультетінен дербес физика факультеті бөлініп шықты (алғашқы деканы – К.В.Цхай). 

   1989 ж. филология факультетінен  тарих  факультеті бөлініп шықты (алғашқы деканы – А.П.Прусс). 

  М.Ғ.Арын қазақ тіл ғылымының негізін салушы, тұңғыш лингвист Құдайберген Қуанұлы Жұбановтың есімін есте қалдыру үшін Қазақ ССР Министрлер Кеңесіне ұсыныс жасап, оның есімі 1990 жылы 23 ақпанда Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің № 72 қаулысымен педагогикалық институтқа берілді.

  1991 ж. қазақ филологиясы  факультеті ұйымдастырылды (алғашқы деканы –Ә.М.Молдаханов).

   1991 ж.  инженер-техникалық  факультеті ашылды (алғашқы деканы – Е.Б.Байманов).

   1991 ж.  «Жұбановтану» ғылыми зертханасы ашылды. (меңгерушісі ф.ғ.д., профессор  Е.Қ.Жұбанов).

1992 ж. экономика факультеті құрылды (алғашқы деканы –Ү.С.Байжомартов).

 

Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті

Өрлеу жылдары

    1995 жылдың қараша айында институт ректоры болып физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Кенжеғали Кенжебайұлы Кенжебаев тағайындалды. 1996 жылы институттың күндізгі бөлімінде 5 мыңнан астам студент оқыды. 37 кафедрада 445 оқытушы жұмыс жасады. Оның 5-еуі ғылым докторлары, профессорлары, 90 ғылым кандидаттары мен доценттер. Институт 22 мамандық бойынша мамаедар даярлады, оның 18 мамандығында қазақ бөлімдері болды.

    1996 жылы мамырдың 7-сіндегі Қазақстан Республикасы Үкіметінің №570 қаулысымен Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе педагогикалық институты Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе университеті болып қайта құрылды. 

    1996 жылы Ақтөбе облысының әкімшілігінің ұсынысымен аймақтық қажеттілікті ескере отырып, инженерлік мамандықтарға студенттер қабылдана бастады. Олар: металлургия, органикалық заттардың химиялық технологиясы, бейорганикалық заттардың химиялық технологиясы, жер асты қазба байлықтарын іздеу-өңдеу, автомобильдер және автомобиль шаруашылығы. Осыған байланысты инженер техникалық факультет ашылды. Факультеттің ұйымдастырылу жұмысының барысында Е.Б.Байманов, Д.Д.Избембетов, К.Т.Алдияров, Т.К.Мусалимов және т.б. көп еңбек етті. Факультеттің материалдық-техникалық базасы нығайтылды және қазақ тіл білімінің негізін салушы Қ.Жұбановтың есімін мәңгілік қалдыру мақсатында оның ескерткіші қойылып, 1998 жылдың 17 қарашасында салтанатты түрде ашылды.

    Ескерткіштің ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының Президенті Н.Н.Назарбаев қатысты.

    Университеттің материалдық базасын, кадрлер даярлаудағы еңбегі және Қ.Жұбанов есімін мәңгілікке қалдыру мақсатында атқарған жұмыстары ескеріліп К.К.Кенжебаевқа 1998 жылдың «Жыл адамы» деген атақ берілді.

    2001 жылдың 31 қаңтарында Қазақстан Республикасы Үкіметінің №163 қаулысымен университетке Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университеті статусы берілді.

    Университеттің алғашқы күнінен бастап білім беру саясатында нарық жағдайына орай білікті, қабілетті мамандар дайындау міндеті тұрды. Алға қойылған мақсатқа жету үшін 2004 жылы төмендегідей материалдық-техникалық базасы болды: 6 оқу ғимараты, 12 оқу залы бар ғылыми кітапхана және EBSCO жүйесіне қосылған электронды кітапхана, қазіргі заманғы спорт жабдықтарымен жабдықталған спорт кешені, кең көлемде жабдықталған студенттер емханасы, 2 жатақхана, агробиологиялық станция, 850 орындық Студенттер Сарайы, редакциялық – баспа бөлімі, 30 компьютерлік класстардан тұратын компьютер паркі, интернет класс, оқу және радио студиясы, жүзу бассейні.

 2004 жылыақпанның 3-індегі 128 Үкімет қаулысымен Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінен Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институты бөлініп шығып оны 2004 жылдың наурызынан 2012 жылдың 24 шілдесіне дейін Ғалымжан Жұмабайұлы Нұрышев, кейін Амантай Әбілхайырұлы Нұрмағанбетовтер басқарды.

     Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы мамырдың 29-ындағы 529 қаулысымен педагогика институты Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетіне қайта біріктіріліп, университетке қосымша «Өңірлік» деген статус жалғанды.

 

ТАРИХИ МАҒЛҰМАТ

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің тарихы Қазақ КСР ХКК-нің 1931 жылдың тамызындағы жалпыға бірдей 7 жылдық білім беруді енгізу туралы, Қазақ КСР-і халық ағарту комиссариатының №163, 1934 жылғы 13 желтоқсандағы Ақтөбе облыстық БКП(б) бюросының № 65 қаулысы негізінде жоғары білім беретін екі жылдық Ақтөбе мұғалімдер институты ретінде ашылуымен басталады.

Институттың негізгі міндеті орта мектептер үшін жоғары білікті мұғалім кадрлар дайындау болып табылды.

Алғашқы директор қызметіне Залиев Нұғман бекітілді.

1935 жылы институттың алғашқы профессорлық-оқытушылық құрамы 1 профессор, 1 доцент, 10 оқытушы, барлығы 12 адамнан жасақталды.

Институттың мамандар дайындау қызметі 1935 жылдың 1-ші қаңтарында екі жылдық тарих, физика-математика және дайындық бөлімдерінің ашылуымен басталды. Алғашқы оқу жылына жоспарланған 70 студенттің орнына 81 студент,оның ішінде, тарих бөліміне – 33, физика- математика бөліміне – 35, дайындық бөліміне – 13 адам қабылданды.

1945 жылдың 14 сәуірінде институтқа Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен Қазақ КСР-нің Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, ақын, жерлесіміз Нұрпейіс Байғаниннің аты берілді.

1947 жылы «Қазақ ССР-де арнаулы және жоғары білім беруді дамыту туралы» КСРО Министрлер Кеңесінің 1947 жылдың 16 қарашасындағы №75 қаулысына сәйкес Н.Байғанин атындағы Ақтөбе мұғалімдер институты базасында 2 жылдық қыздар педагогикалық институты ашылды.

Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институты Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің 1958 жылдың 4 тамызындағы №1293-Р және Қазақ КСР Оқу ағарту министрінің 1958 жылдың 6 тамызындағы «Ақтөбе педагогикалық институты туралы» №169 бұйрығы бойынша жабылды.

1966 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті мен Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің 15 сәуірдегі № 261 қаулысымен Ақтөбе педагогикалық институтының болып қайта ашылды.

Алғашқы екі факультетте, яғни физика-математика және филология факультеттерінде күндізгі бөлімде - 250, сырттай бөлімде - 100 студент физика және математика, орыс тілі мен әдебиеті, қазақ мектебіндегі орыс тілі мен әдебиеті мамандықтары бойынша білім алды, 23 оқытушы, оның ішінде 4 ғылым кандидаты мен доценттер сабақ берді.

Қазақ КСР - і Министрлер Кеңесінің 1990 жылғы 23 ақпандағы № 72 қаулысымен Ақтөбе педагогикалық институтына қазақ тіл білімінің тұңғыш профессоры, лингвист-ғалым Құдайберген Қуанұлы Жұбановтың есімі берілді.

Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 1996 жылғы 7 мамырдағы № 573 қаулысымен Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе педагогикалық институты Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе университеті болып қайта құрылды.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 31 қаңтардағы № 163 қаулысымен Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе университетіне мемлекеттік мәртебе берілді.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 3 ақпандағы №128 қаулысы бойынша құрамынан Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының бөлініп шығуына байланысты Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университеті қайта құрылды.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 29 мамырдағы №529 Қаулысымен Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университеті мен Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының бірігуі арқылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті болып қайта бекітілді.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 11 қазандағы №752 қаулысына сәйкес «Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университеті» шаруашылық жұргізу құқығындағы Республикалық мемлекеттік кәсіпорыны «Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамы болып құрылды.