Home page > News > Танымал актер студенттерге қонақ дәрісін өткізді
4
Танымал актер студенттерге қонақ дәрісін өткізді

Көпшілік көрерменге театрдағы рөлдерінен бөлек, «Алдар көсе», «Ауыл сақшысы», «Қара шаңырақ», «Жас ұлан», «Жау жүрек мың бала», «Брат или брак» тағы да басқа кинофильмдеріндегі образдарымен танылған актер, режиссер, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дәурен Серғазин Ақтөбеге іс-сапары аясында Жұбанов университетіне келіп, студенттерге қонақ дәрісін өткізді. 

Кездесу барысында актер өз шығармашылығымен бөлісіп, кино және театр өнерінің ерекшеліктері, алдағы жоспарлары мен қазақ кино өнерінің дамуы туралы әңгімеледі. Сондай-ақ бұл салада кездесетін қиындықтар мен кино түсіріліміндегі қызықты сәттері туралы да сөз қозғады.

«Көрерменді жылату оңай ма, күлдіру оңай ма деген сұрақтар жиі қойылады. Ең басты мақсат – көрерменді сендіру. Көрермен сенсе, ол сенімен бірге жылайды да, күледі де. Сондықтан шынайылық ең маңызды талап», – деді актер.

Дәурен Серғазин өнерге деген қызығушылығы балалық шағынан бастау алғанын атап өтті. «Арманшыл болдым. Мектепте өтетін шараларға өте белсенді қатысатынмын. Бірақ ұялшақ, тұйық болғаным да бар», – деп еске алды ол.

Студенттер актерге қызықтырған сұрақтарын қойып, оның шығармашылығына қатысты жылы лебіздерін білдірді.