Home page > News > Халықаралық конференцияда білім мен өнер саласында цифрлық технологияларды тиімді қолданудың шешімдері ұсынылды
4
Халықаралық конференцияда білім мен өнер саласында цифрлық технологияларды тиімді қолданудың шешімдері ұсынылды

2025 жылдың 24 сәуірінде Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде дәстүрлі Ғылым айы аясында кәсіби-шығармашылық факультетінің ұйымдастыруымен «Білім беру үдерісін зерттеу мен шығармашылықтың цифрлық технологиялары» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Бұл ауқымды шараға Малайзия, Өзбекстан, Қарақалпақстан секілді елдерден және Қазақстанның Алматы, Түркістан, Орал, Атырау қалаларынан танымал ғалымдар мен сарапшылар қатысты.

Конференцияның модераторы,  ғылым және инновациялар жөніндегі проректор Рахым Бекназаров қатысушыларға сәттілік тілеп, конференцияның нәтижесінде ұсынылған идеялар мен ғылыми зерттеулер білім мен өнер саласында жаңа қадамдар жасауға мүмкіндік беретініне сенім білдірді.

Халықаралық жиын барысында баяндамашылар цифрлық технологиялардың білім беру мен өнердегі рөлін талқылап, өз тәжірибелерімен бөлісті. Сондай-ақ білім беру мен шығармашылық салаларындағы жаңа бағыттар мен жетістіктер сөз болды. 

К.Бехзод атындағы Ұлттық өнер және дизайн институтының ректоры А.Ш.Мирзорахимов Өзбекстандағы кәсіби өнер білімінің қалыптасу кезеңдері мен оның даму жолдарын баяндады. «Өзбекстанда өнер білімінің дамуы бірнеше кезеңдерден өтті, біз өзіміздің мәдени мұрамызды сақтай отырып, заманауи технологияларды өнер саласында қолдануға баса назар аударып келеміз», — деді ол.

Малайзиядан келген Пендидикан Сұлтан Идрис университетінің «Есептеу техникасы және метатехнология» факультетінің докторы, профессор Че Залина Зулкифли баяндамасында цифрлық технологияларды тұрақты даму мен экологиялық жүйені сақтауға қалай пайдалануға болатыны туралы айтты. Профессор цифрлық технологиялар білім беру жүйесін ғана емес, экономика мен ауыл шаруашылығын да трансформациялауда үлкен рөл атқаратынына назар аударды. 

Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің доценті Е.Б.Ауелбеков «Ұлттық сәндік қолөнер дизайнын ғылыми дүниетанымдық негізде үйретудің маңыздылығы» тақырыбында баяндама жасады. Ол ұлттық өнер мен қолөнердің заманауи контексте қалай сақталуы керек екенін және оған жаңа әдіс-тәсілдер мен білім беру технологияларын енгізудің маңыздылығын атап өтті.

Пленарлық мәжілісте сонымен қатар Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Т.А. Ботагариев, Ақтөбе облыстық филармониясының директоры, Мәдениет саласының үздігі Д.А. Ниязовалар мазмұнды баяндамалар жасады. 

Жиын соңында қатысушылар ғылым мен өнер салаларындағы өзекті мәселелерге ортақ шешімдер ұсынды. Бұл халықаралық ғылыми-практикалық конференция цифрлық трансформацияның білім беру мен шығармашылық саласындағы маңыздылығын көрсетті. Сонымен қатар ғалымдар мен зерттеушілер үшін өзара тәжірибе алмасу алаңына айналды.