
Ғылыми кеңес мәжілісінде интернационализация және кадрлық әлеуетті дамыту мәселелері қаралды
Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде Ғылыми кеңестің кезекті мәжілісі өтті. Отырыста университеттің халықаралық білім беру кеңістігіндегі орны, кадрлық әлеуетті нығайту, шетелдік ғалымдармен ғылыми ынтымақтастықты дамыту және халықаралық оқу бағдарламаларын жасақтау мәселелері қаралды.
Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Майра Алдиярова университеттің әлемдік рейтингтердегі көрсеткіштеріне тоқталып, стратегиялық жұмыс бағыттарын ұсынды. Ол Erasmus+, Horizon Europe секілді халықаралық бағдарламаларға қатысу, ғылыми жобаларды ілгерілету, инновация мен кәсіпкерлік экожүйесін дамыту, экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету, сондай-ақ университет оқытушыларының халықаралық ғылыми және академиялық қауымдастықтарға белсенді қатысуы бойынша нақты ұсыныстарын жеткізді. Сонымен қатар шетелдік студенттерді тарту мақсатында Study in Kazakhstan стипендиялық бағдарламасын тиімді іске асыру жолдарын айтып өтті.
Айта кетейік, қазіргі таңда Жұбанов университетінде академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында Қырғызстан, Ресей, Өзбекстан және Қытай мемлекеттерінен келген 48 шетелдік студент білім алуда. Сондай-ақ 46 студент шетелдік жоғары оқу орындарына оқуға жіберілді. 70-ке жуық шетелдік ғалым университетке келіп, дәрістер оқып, бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізген.
Кеңес отырысында академиялық мәселелер де қаралды. Академиялық мәселелер жөніндегі проректор Людмила Мясникова 2025-2026 оқу жылына арналған педагогикалық жүктеме мөлшері мен академиялық күнтізбені бекіту мәселесін ұсынды. Ал ғылым және инновациялар жөніндегі проректор Рахым Бекназаров 2024-2025 оқу жылындағы қысқы қабылдауға арналған докторанттардың диссертациялық зерттеу тақырыптарын бекіту жайында ақпарат берді.
Мәжіліс барысында бірқатар кадрлық өзгерістер де жарияланды. Әлеуметтік және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректор лауазымына Нарқозы Қартжан, ал Персоналды басқару департаментінің директоры қызметіне Еркін Тастанқұлов тағайындалды. Университет ректоры жаңа қызметке кіріскен әріптестерге сенім білдіріп, сәттілік тіледі.