Home page > Science and innovation > Ғылым мен өндіріс байланысын нығайту: бизнеске инвестиция тарту мүмкіндіктері талқыланды
4
Ғылым мен өндіріс байланысын нығайту: бизнеске инвестиция тарту мүмкіндіктері талқыланды

2025 жылдың 13 мамыр күні Жұбанов университетінде «Бизнеске инвестиция тартудың мүмкіндіктері» тақырыбында семинар өтті. Іс-шараны Қазақстан технологияларды коммерцияландыру орталығы, Ақтөбе облысының кәсіпкерлер палатасы және Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті бірлесіп ұйымдастырды.

Семинар барысында ғылыми зерттеулерді өндіріс саласына енгізу жолдары жан-жақты талқыланып, қатысушыларға мемлекеттік гранттарға, венчурлік инвестицияларға, шағын гранттар мен жеңілдетілген несиелерге қол жеткізу мүмкіндіктері таныстырылды.

Іс-шараның спикері техника ғылымдарының кандидаты, «Қазақстан технологияларды коммерцияландыру орталығы» ЖШС бас директоры Құрманғазы Омаров «Технологияларды коммерцияландырудың практикалық аспектілері» тақырыбында баяндама жасады.
«Ғылыми әзірлемелерді нарыққа тиімді шығару үшін мемлекет тарапынан ұсынылатын қаржылай қолдауларды пайдалану қажет. Коммерцияландыру – жай ғана идея емес, ол – өндірістің нақты өніміне айналатын үдеріс», – деді Құрманғазы Омаров.
Сондай-ақ, ол жобаларды технологиялық тұрғыдан дамытып, ғылымға негізделген шешімдер арқылы жаңа нарықтарға шығу жолдарын түсіндірді.

Семинар аясында қатысушылар спикерге сұрақтар қойып, кеңестер алды. Аталған жиын ғалымдар мен жас зерттеушілерге ғылыми зерттеулерді өндіріс пен бизнесте табысты енгізуге мүмкіндік беретін практикалық мүмкіндіктер ұсынды.