
Жұбанов университетінің жас ғалымы грант иегері атанды
Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің «Көлік техникасы, тасымалды ұйымдастыру және құрылыс» кафедрасының аға оқытушысы, PhD Абилхаир Исакулов 2025–2027 жылдарға арналған «Жас ғалым» ғылыми жобасы аясында гранттық қаржыландыруға ие болды.
Ғалымның «AP25794879 Қамыс-қабатты құрылыс материалын алу үшін байланыстырушы ретінде полиэтилен пленкасының қалдықтарын кәдеге жарату» атты жобасы қазіргі таңда өзекті болып отырған экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған. Жобаның басты мақсаты – полиэтилен пленкасының қалдықтарын байланыстырушы ретінде қолдану арқылы экологиялық тұрғыдан тиімді, әрі техникалық-экономикалық көрсеткіштері жоғары қамыс-қабатты құрылыс материалын әзірлеу.
Полиэтилен пленкасы — құрылыс пен тұрмыста кеңінен қолданылатын, алайда табиғи жолмен ыдырауы қиын материалдардың бірі. Сондықтан оны қайта өңдеу мәселесі бүгінде аса маңызды. А.Исакуловтың бұл бастамасы Қазақстандағы құрылыс саласында қалдықтарды тиімді пайдалану арқылы экологиялық жүктемені азайтуға және тұрақты даму қағидаттарын жүзеге асыруға өз үлесін қоспақ.