
"SUMMER SCIENCE SCHOOL-2025" жазғы мектебі өз жұмысын бастады
2025 жылғы 9 маусымда Жұбанов университетінде оқытушылар мен зерттеушілерге арналған дәстүрлі "SUMMER SCIENCE SCHOOL-2025" жазғы мектебі өз жұмысын бастады. Ауқымды шараға университеттің 60-қа жуық оқытушысы қатысуда.
Жазғы мектептің ашылу салтанатында сөз сөйлеген университеттің ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры Рахым Бекназаров бұл бастаманы ғылыми әлеуетті арттыру, заманауи зерттеу құралдарын меңгеру және кәсіби дамуға бағытталған маңызды қадам деп атап өтті.
Бағдарлама аясында қатысушылар үшін түрлі семинарлар, воркшоптар мен тренингтер ұйымдастырылады. Сондай-ақ Clarivate Analytics сарапшылары мен Назарбаев Университетінің жетекші зерттеушілері арнайы қонақ дәрістерін өткізеді.
Жазғы мектеп барысында қатысушылар ғылыми жарияланым белсенділігін арттыру, журналдарды таңдау стратегияларын меңгеру, дәйексөз индексін жоғарылату және халықаралық ғылыми дерекқорлармен тиімді жұмыс істеу тәсілдерін үйренеді. Сонымен қатар ғылымда жасанды интеллектті қолдану, библиографияны басқару жүйелері (Zotero, Mendeley) арқылы сілтемелерді реттеу және ғылыми мақалаларды LaTeX/Overleaf платформасында әзірлеу бойынша практикалық дағдылар алады.
Сондай-ақ қатысушылар гранттық өтінімдерді әзірлеуден бастап, ғылыми жобаларды іске асыруға дейінгі барлық кезеңдермен танысады. Жазғы мектеп аясында ғылыми зерттеулерді жүргізу мен нәтижелерді рәсімдеуге қатысты ғылыми этика мен әдіснама мәселелері де қарастырылады.
Мансаптық мүмкіндіктер бойынша қатысушыларға "Болашақ" халықаралық стипендиясы, "ЖОО үздік оқытушысы" байқауы және ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру жолдары туралы маңызды ақпарат ұсынылады.
Айта кетейік, жазғы мектеп 20 маусымға дейін жалғасады.