
Оқытушыларға арналған «Summer Science School – 2025» жазғы мектебі сәтті аяқталды
2025 жылғы 20 маусымда «Summer Science School – 2025» жазғы мектебінің қорытындысы бойынша 50-ден астам оқытушыға арнайы сертификаттар табысталды.
Сонымен қатар ғылыми белсенділігімен ерекшеленген профессор-оқытушылар құрамы «Most Cited Researcher» номинациясымен марапатталды. Бұл марапат – халықаралық деңгейде мойындалған ғылыми зерттеулер мен беделді деректер базаларындағы дәйексөздердің санына негізделген. Атап айтсақ, «Most Cited Researcher» номинациясы Қуанышбек Шүңкеев, Бауыржан Келаманов, Ляззат Тастанова, Әмірбек Бекешев, Мадина Тлеубергенова, Айгүл Сергеева, Дәурен Есенгалиев, Нұргүл Жантуринаға берілді. Сондай-ақ жазғы мектепке белсенді қатысып, мазмұнды дәрістерімен ғылыми ортаға үлкен үлес қосқан спикерлер де назардан тыс қалмады. Оларға университет ректорының арнайы алғыс хаты табыс етілді.
Екі аптаға созылған бағдарлама аясында қатысушылар үшін түрлі семинарлар, воркшоптар және практикалық тренингтер ұйымдастырылды. Бағдарлама спикерлері ғылыми қызметті ұйымдастыру және зерттеу нәтижелерін жариялау салаларында мазмұнды дәрістер оқыды. Қатысушылар ғылыми жобаларды жүзеге асырудың толық циклін – гранттық өтінімдер дайындаудан бастап, жобаларды іске асыруға дейінгі кезеңдерді қамтитын маңызды ақпаратпен танысты. Бұдан бөлек «Болашақ» халықаралық стипендиясы, «ЖОО үздік оқытушысы» байқауы, сондай-ақ ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру жолдары туралы кеңестер алды.Сондай-ақ жазғы мектептің шеңберінде тыңдаушылар ғылыми жарияланым белсенділігін арттыру, журналдарды дұрыс таңдау стратегияларын меңгеру, дәйексөз индексін жоғарылату және халықаралық ғылыми дерекқорлармен тиімді жұмыс істеу әдістерін үйренді.