
Zhubanov university студенттері – Әлем чемпионатында!
2025 жылдың 18 тамызы мен 1 қыркүйегі аралығында Қытай Халық Республикасының Jiangmen қаласында өтіп жатқан Әлем чемпионатында еліміздің намысын қорғайтын ерлер құрамасы сапында Жұбанов университетінің студенттері де өнер көрсетуде.
Кәсіби-шығармашылық факультетінің «Дене шынықтыру және спорт» білім беру бағдарламасының 4 курс студенттері Әділ Сүлеймен және Асылхан Ізбергенұлы бүгінде Қазақстан U21 ұлттық құрамасы сапында бақ сынап жатыр.
Аталған турнир – FIVB (Халықаралық волейбол федерациясы) ұйымдастырған, әлемнің 24 елінен келген үздік жас волейболшылардың басын қосқан беделді халықаралық дода. Жарыс Jiangmen Sports Center аренасында өтіп жатыр. Чемпионатқа Қазақстаннан бөлек, Бразилия, Италия, Жапония, Польша, Иран, АҚШ сынды елдердің спортшылары қатысуда.
Айта кетейік, Әділ Сүлеймен және Асылхан Ізбергенұлы университеттің «Zhubanov Volleyball League» студенттік клубының белсенді мүшелері. Олар республикалық, облыстық және қалалық деңгейдегі волейбол турнирлерінің бірнеше дүркін жеңімпаздары, Қазақстан Суперкубогының иегерлері, сонымен қатар Ұлттық лига және Жоғары лигадағы кәсіби ойыншылар.
Қазіргі таңда қос спортшы «Ақтөбе» волейбол клубынан жоғары лигадағы «Астана» клубына ауысып, кәсіби мансаптарын жаңа белеске көтеріп отыр. Олар бұған дейін де халықаралық деңгейде ел намысын абыроймен қорғаған. 2024 жылдың мамыр айында Жапонияда өткен Халықаралық волейбол лигасында өздерін сәтті танытып, Қазақстан құрамасының сенімді ойыншылары ретінде танылды.
Спортшыларымызға әлемдік додада сәттілік тілейміз! Олар Қазақстанның атын биіктен көрсетіп, Жұбанов университетінің абыройын халықаралық деңгейде асқақтататынына сенімдіміз!