
Қытай ғалымдарымен бірлескен ғылыми жоба жүзеге асырылуда
Қ. Жұбанов атындағы университеті Қытайдың Ғылым және технология университетінің (USTC) ғалымдарымен бірге жаңа ғылыми жобаны іске қосты. Жоба ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің гранттық қолдауымен жүзеге асырылып, отқа төзімді әрі берік жаңа пластик материалдарын жасауға бағытталған. Бұл материалдар жел энергетикасында, кеме жасауда, құрылыс пен көлікте қолданылатын болады.
Жобада Ақтөбеге арнайы келген халықаралық деңгейде танымал зерттеушілер — Xin Wang, PhD (Associate Professor, h-index: 68) және Yanbei Hou, PhD (Professor, h-index: 34) — университет зертханасымен бірлесіп ғылыми жұмыстар жүргізуде. Жобаны университеттің «Полимерлер және композиттік материалдар» зертханасы үйлестіреді. Зертхана жетекшісі – профессор Әмірбек Бекешев. Ғалымдар базальт, охра және диорит сияқты минералдарды пластик құрамына енгізіп, оның беріктігі мен отқа төзімділігін арттыруды зерттейді. Сонымен қатар, жасанды интеллект арқылы материал құрамын алдын ала оңтайлы таңдау мүмкіндігі қарастырылған.
Университет ректоры Лаура Қарабасова зертханада жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысып, ғалымдармен пікір алмасты. Ол ғылымның қолданбалы сипатының маңызын еске салып:
«Жаңа материалдарды өндіріске енгізу арқылы нақты сектордың дамуына әсер етуіміз керек», — деді ректор.